Өткен жыл Қазалы ауданы үшін жетістіктер мен толайым табыс кезеңі болды. Экономиканың барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде аудан әкімі Алмасбек Есмаханов айтты.
2025 жылға арналған бюджет кірісі 18,9 млрд теңге болып бекітіліп, 21,6 млрд теңгеге нақтыланды. Бекітілген бюджеттен 1,4 млрд теңге қосымша түсім қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 43,9 пайызға ұлғайды. Биылғы бюджет көлемі – 13,6 млрд теңге, оның ішінде ауданның өз кірісі – жоспар бойынша 4,2 млрд теңге. Өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс, тұрғын үй құрылысы жөнінен де көрсеткіштің артқанын байқаймыз. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелген субъектілердің 97,1 пайызы жұмыс істеп тұр. Оның қатарына былтыр тағы 32 нысан қосылып, 71 адам тұрақты жұмыс тапты.
– 2 млрд 400 млн теңгеге 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 3-і іске қосылды. «Арал рыбторг» серіктестігінің құны 650 млн теңге жобасы бойынша Басықара ауылында тауарлы балық өсіру тоғаны салынды. Өткен жылы 400 мың дана шабақ әкелініп, соған жіберілді. Нысан 2027 жылға қарай толығымен іске қосылмақ. Сол кезде мұнда барлығы 52 тоған жұмыс істейді. Ал келер жылы 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарланып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 883,5 млн теңге есебінен 131 жоба қаржыландырылып, 128 жұмыс орны, былтыр 288,8 млн теңгеге 40 жоба қаржыландырылып, 50 жұмыс орны ашылды, – деді Алмасбек Есмаханов.
Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендеріне тіршілік нәрі жетті. Аудан халқы осылайша түгел таза ауызсумен қамтылды. Электр желілерін толық жаңғырту нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 68 пайызға төмендеді. Бүгінде Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығында орналасқан нысандар мен тұрғын үйлердің жарық тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы станса салынып жатыр. Жергілікті халықтың 75 пайызы от жағып, күл шығарудың машақатынан құтылды. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерінде орамішілік газ желілерінің құрылысы жүргізіледі. Сөйтіп, жыл соңына қарай елді мекендердің 78,5 пайызына табиғи газ келмек.
Аудан басшысы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі 91 пайызға жеткенін атап өтті.
– Биыл Қожабақы-Аранды және Қарлан учаскесінен Бірлік ауылына дейінгі аралықтағы жолды жөндеу жоспарымызда бар. Жобаны бастауға жергілікті бюджеттен 10 млн теңге бөлінді. 2024 жылы басталған Қазалы қаласындағы 10 көшенің жұмысын жалғастыруға 471 млн теңге бөлінді. Әйтеке би кентінің Жанқожа батыр көшесінде айналма жол салынады. Тағы 10 көше күрделі және орташа жөндеуден өткізіледі. Қожабақы ауылының тұсындағы темірбетонды көпір облыстық бюджет есебінен жөнделеді, – деді аудан әкімі.
Қазалыда құрылыс саласы да қарыштап дамып келеді. Аудан орталығында аудандық прокуратура ғимараты, «Руханият орталығы», Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб, Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені ел игілігіне табыс етілді. Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылдарының балалары осы көктемнен бастап жаңадан ашылатын спорт кешендеріне бармақ. Тұрғын үй, мәдениет, білім және денсаулық сақтау салаларында да құрылыс қарқынды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық білім ордасы есігін айқара ашты. Кабинеттерді жабдықтауға 304,7 млн, 25 білім беру ұйымына бейнекамера орнату үшін 180 млн теңге қаржы бөлінді.
Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимаратына жапсарлас 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы ашылды. Оған КТ аппараты сатып алынды, жыл соңына дейін МРТ құрылғысы орнатылмақ.
– Өткен жылы аудандық ауруханада жүрек ырғағының бұзылысы бойынша алғаш рет аритмологиялық жоғары мамандандырылған оталар жасалды. Мұндай ота республика бойынша аудандар арасында алғаш рет біздің ауданнан бастау алды. Осы ретте күрделі оталарға қатысып, саланың дамуына үлкен үлес қосып жүрген Көбек Наршабаев, Асылбек Жиенбаев, Кенесары Баспаев сынды дәрігерлерімізді айта кеткен жөн, – деді аудан әкімі.
Жыл бойы ауданда ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды.
– Әлеуметтік саланың дамуын жеделдету – алдымызда тұрған ең негізгі міндет. Өткен жылы экономиканың түрлі саласында 4741 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 146 адам мемлекеттік бағдарламалар негізінде қайтарымсыз грант алған, 60 адам әлеуметтік жұмысқа, 311 адам жастар практикасына, 939 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Жыл қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз болды, – деді Алмасбек Есмаханов.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





