Қазіргі таңда Қазалы ауданының диқандары алқаптардан өнімін жинауға кірісті. Ендігі міндет – қырмандағы астықты ауа райының қолайлы шағын пайдаланып, ел ырысына айналған күріш дақылын ысырапсыз тез арада жинап алу болмақ. Бұған жергілікті жерде барлық жағдай жасалған, яғни, адам күші мен техника жеткілікті.
Бүгін «Агро Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қожабақы ауылындағы егін алқаптарында егінге алғашқы орақ түсті.
Егінге алғаш орақ түспестен бұрын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай арнайы дайындалған стенд бойынша ауданның егіншілік саласы бойынша көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтермен таныстырды.
Ал, «Агро Өркен» ЖШС директоры Мерей Есқожаев шаруашылықтың егіс орағына дайындығы барысы туралы айтып өтті.
Серіктестік директоры биылғы жылы 600 гектар жерге күріш дақылын сепкенін айтты. Оның 70 гектары «Лидер», 530 гектары «Янтарь» деген күріш сорттары.
Одан бөлек, 130 гектар жерге бидай, 316 гектар жаңа жоңышқа, 516 гектар ескі жоңышқа егілген.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев дихандарды алғашқы егін орағымен құттықтаған соң Қожабақы ауылының тұрғыны, 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Қуаңбай Рахметов батасын берді.
Мұнан соң егін орағының лентасы салтанатты түрде қиылып, «дала кемесі» атанған комбайндар өз жұмыстарын бастады.
Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша биыл 17 402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 6361 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<