Қазалыда мал ұрлығына байланысты рейд жұмыстары жүргізілуде

5

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес, бекітілген арнайы іс-шара жоспары негізінде Қазалы ауданында мал ұрлығының алдын алу және жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Аталған рейд жұмыстары барысында құқық қорғау органдары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі және ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қазалы аудандық аумақтық инспекциясы, аудандық ветеринариялық станциясы бірлесіп елді мекендер мен ауылдық округтерде, аудан аумағынан өтетін халықаралық маңызы бар KAZ-06 «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» автомобиль жолы бойында, жайылымдық аумақтарда тексеру жұмыстарын атқаруда.

Рейд кезінде мал ұстау талаптарының сақталуы, құжаттардың дұрыстығы, бақылаусыз жүрген малдар анықталып, заң талаптарын бұзған азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғындарға малды қараусыз қалдырмау, түнгі мезгілде қауіпсіздік шараларын күшейту, күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде хабарлау қажеттігі ескертілуде.

Бұл шаралар аудан аумағында мал ұрлығының алдын алуға, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Рейдтік жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Қараусыз жүрген мал ұры шақыратыны белгілі. Сондықтан аудан тұрғындарынан төрт түлікті бірдейлендіріп, пада және кезекпен бағу жұмыстарын қолға алынып, бақылауда болуы қажет екендігін ескертеміз.

Мал ұрлығымен күресте малды таңбалау, чип енгізу, есепке алу, сәйкестендіру үлкен маңызға ие болып табылады.

Қазалы ауданы әкімдігі