Қазалыда мектеп бітірушілерге аттестаттар тапсырылды

1148

0

Бүгін Қазалы ауданындағы мектеп бітірушілерге аттестаттар тапсырылды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда өткен «Түлектер 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты аттестат тапсыру шарасына қатысып, түлектерді құттықтады.

– Бүгін баршамыз үшін қуанышты күн. Еліміз бойынша мектеп бітіруші түлектер үлкен өмірге жолдамаларын – аттестаттарын алып жатыр. Оның ішінде біздің ауданымыздағы мектеп бітірушілер де бар.

11 жыл бойы мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиенің таразыға түскен сәтінде жоғары көрсеткішке жетіп, сенімді ақтаған түлектеріміз бен сол түлектердің бойына білім нәрін сепкен ұстаздар қауымына қандай құрмет, қошемет көрсетілсе де артық емес.

Кешегі білім бәсекеге түскен сәтте ұстаздарыңыздың талай жылғы төккен тер, еткен еңбегін ақтап, ауданымыздың абыройын асқақтаттыңыздар. Бұл сіздердің үлкен өмірге басқан қадамдарыңызда жеткен алғашқы жеңіс деп санаймын және сол жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Біздің түлектеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай қызмет жасаған ұстаздарымыздың еңбегі айрықша. Сондықтен да түлектердің жеңісі – Сіздердің талай жылғы еңбектеріңіздің жемісі, Сіздердің де жеңістеріңіз, қымбатты ұстаздар, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы білім ордасын үздік бітірген түлектерге «Алтын белгі» мен «Үздік аттестаттарын» табыстады.

Сондай-ақ, 9 сынып оқушыларына да «Үздік аттестаттарын» тапсырды.

Салтанатты шарада аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап та құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге аттестаттарын тапсырды.

Биыл Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияны 32 оқушы тәмамдады. 5 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 4 оқушы «Үздік аттестатқа» аяқтап отыр.

Ал, ауданда биылғы оқу жылында 684 оқушы мектепті аяқтады. Түлектеріміздің ішінде «Алтын белгіге» 56 оқушы бітірсе, 68 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<