Қазалыда облыстық «Алтын күз – 2022» спартакиадасы басталды

699

0

Кеше Қазалыда ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2022» спартакиадасы басталды.

Спартакиаданың ашылу салтанаты Әйтеке би кентіндегі орталық стадионда өтті. Салтанатты шарада алдымен әрбір ауданның командалары сап түзеп, жасыл алаң үстіне жиналды.

Шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, спартакиадаға қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

– Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары Сыр спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Әлемдік аренада көк туымызды желбіреткен даңқты спортшылардың арасында қазалылықтар да бар.

Атап айтар болсақ, Марина Вольнова 2012 жылы өткен Олимпиада ойындарында бокстан қола медальді жеңіп алды. Бүгінгі таңда Қазалының қайсар қызы тек біздің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы десек артық айтқандық емес. Бүгінде қасиетті өлкеде Маринаның лайықты ізбасарлары өсіп келе жатыр. Олар жыл сайын өткізілетін ауыл спортшыларының спартакиадасында лайықты өнер көрсетеді деп ойлаймын.

Спартакиадада жеңіске жеткендер еліміздің даңқын асқақтатар, әлемдік аренада көк туымызды желбіретер спортшы болуына тілектеспін, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Қазалыда облыстық «Алтын күз – 2022» спартакиадасы басталды

Облыстық мәдениет және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ғалым Сихымов та құттықтау сөз сөйлеп, облыстық деңгейдегі шараның маңыздылығына тоқталды.

Мұнан соң спартакиаданың алау салтанатты түрде жағылды.

Айта кетейік, спорттың 15 түрін қамтитын спартакиадада аймақтың барлық аудандарының құрама командалары өнер көрсетпек. 1000-нан аса спортшы өзара бақ сынасатын сайыс 9 қазанға дейін жалғасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<