Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Аудандағы барлық мекеме, ұжым қызметкерлерінің, жастардың, аудан тұрғындарының қатысуымен аудан орталығы Әйтеке би кентінің Әйтеке би көшесі, Жанқожа батыр, Т.Бөріқұлақов, Ә.Елубаев көшелерінде және кенттің сырт жағындағы кіре беріс қақпа айналасы, «Қазақ қорымы» аумағында қоқыстарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінде жол шеті қоқыстардан тазартылды.
Әйтеке би кентіндегі орталық көшелер мен сырт аумақтарды ұйымдастырылған тазалық жұмыстарын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аралап көріп, Әйтеке би кентінің әкімімен тазалыққа жауапты тиісті сала басшыларына тазалық жұмыстарына байланысты бірқатар тапсырмалар берді.
Жалпы тазалық жұмыстары бойынша барлық елді мекендер бойынша 22,4 шақырым аяқ су арықтары тазартылып, 10 тоннаға жуық қоқыс кент сыртындағы арнайы орынға шығарылды. Тазалық шараларына кент, қала және ауылдық округтер бойынша барлығы 109 мекемемен 2035 адам және 15 техника жұмылдырылды.
Қазалы ауданы әкімдігі






