Қазалыда «Заң мен тәртіп – ортақ міндет» атты кеңейтілген мәжіліс өтті

5

0

Қазалы ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес «Заң мен тәртіп» қағидатымен заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жастар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында атқарылған профилактикалық іс-шараларды қорытындылап, алдағы жұмыстарды жоспарлау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өтті.

Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжіліске аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар қатысты.

Кеңейтілген мәжілісте аудан басшысы аудан көлеміндегі құқық бұзушылықтардың, оның ішінде жасөспірімдер арасында тіркелетін құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

Жуық арада ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Мен бұған дейін қоғамдық өмірдің «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталатын маңызды қағидатын жарияладым. Бұл азаматтарымыз бірін-бірі құрметтеп, сабыр сақтап, тәртіпті болуы қажет дегенді білдіреді. Тағы да қайталап айтайын: Қазақстан үшін «Заң мен Тәртіп», қолмен істегенді мойынмен көтеру қағидаттары айрықша маңызды. Әйтпесе, жоспарларымызды орындап, мақсаттарымызға жету екіталай болмақ» деп баршамызға жаңа міндеттер жүктеген болатын. Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысынан бастап азаматтардың арасында түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алуға, ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, балаларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру бағытында, жалпы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін түрлі шараларды қабылдауда. Осының негізінде өткен аптада аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс орталығында өткен жиынға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы, Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысып, мәжілісте аймақ басшысы құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта Өздеріңізбен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаратын боламыз, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Кеңейтілген мәжілісте аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы, аудан прокурорының орынбасары Биқожа Жұмаш Президентіміздің тапсырмасына сәйкес «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында прокуратура органдарымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстар жайында, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов аудан көлеміндегі қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар және аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов білім беру ұйымдарында сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы атқарылатын шаралар туралы баяндады.

Жиында білім саласының ардагері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Серік Қуанышбаев пен ҚР Мәдениет саласының үздігі Болат Жолтаев, ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Ләззат Ізбасқанова бала тәрбиесі, қоғамдық тәртіп, отбасы құндылықтары, отбасындағы балаға тәрбие берудегі ата-ананың рөлі жайында сөз қозғап, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын жеткізді.

Баяндамашылардан кейін аудан прокуроры Мадияр Бекпанов сөз алып, аудандағы түрлі қылмыс пен құқықбұзушылықтардың, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау деректерін төмендету бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, барлық білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жоспардың әзірленіп және оның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтарды жұмыспен қамтуда әділеттік пен ашықтықты қамтамасыз ету, барлық қала, кент және ауылдық округтер бойынша жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты әкімдер, мектеп директорлары, учаскелік полиция инспекторлары, ардагерлер, әйелдер және қоғамдастық мүшелері, белсенді жастар мен жоғарғы сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын қатысуымен арнайы жиын өткізіп, түнгі рейдтік шаралардың жұмысын күшейту, ата-аналармен тығыз байланыста болу және өзге де өзекті мәселелер жөнінде тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.