Ғасыр жасаған Шамша Аймашқызы немере-шөберелерімен бірге келіп, сайлау учаскесінде дауыс берді. Ғани Мұратбаев ауылындағы №64 сайлау учаскесі ресми түрде ашық деп жарияланған соң, дауыс берушілердің алғашқы легін 100 жастағы ауыл тұрғыны бастап кірді.
Бүгін елімізде өтіп жатқан саяси науқанға өз үлесімді қоссам деген ниетпен ертемен келіп, таңдауымды жасадым. Ел тағдырына алаңдайтын барлық тұрғын бүгінгі шарадан қалыс қалмауы тиіс деп ойлаймын. Халқымыз аман болсын! Өзгерістердің барлығы оңынан болсын! – деді кейуана.
Қарт ана өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Сайлау учаскесінің төрағасы Дархан Алдабергенов елден ерте тұрып, маңызды істен қапы қалмағаны үшін қазыналы әжеге қазақы дәстүрге сай сыйлығын берді.
Алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Батыр ана бүгінде 15 немере, 28 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр. Ойы анық, денсаулығы бірқалыпты әже саналы ғұмырындағы барлық саяси науқандарға белсенді қатысып келеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<