Топ-баннер2

Қазалылық ұстаздар қауымы құрметке бөленді

9

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Кеше аудан орталығындағы №266 мектеп-лицейде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген ұстаз-аналар мен ардагерлердің құрметіне арналған мерекелік салтанатты шара өтті. Мерекелік шара қазақ тарихындағы батыр қыздар мен аналарымыз туралы ерекше қойылыммен басталды.

«Сұлулықтың сүйкімді періштесі» атты салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, ауданның барша ұстаздар қауымына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың мерекелік құттықтауын жеткізді.

– Баршаңызды шуақты көктемнің шұғылалы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – мейірімділік пен ізгіліктің, сұлулық пен жылулықтың символы. Ал білім саласында еңбек етіп жүрген Сіздер – сол асыл қасиеттердің шынайы иесісіздер. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген. Расында, қоғамның дамуы да, мемлекеттің болашағы да ұстаздың еңбегімен тығыз байланысты. Жыл өткен сайын елімізде білім саласын дамытуға деген үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылы аудан орталығындағы №234 Ж.Жабаев атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, тағы да 8 білім ордасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандағы бірқатар білім ордалары жабдықталған кабинеттермен қамтамсыз етіліп, 25 білім беру ұйымдарына талапқа сай бейнекамера орнатылды. Бүгінгі барша нәзік жандылардың мерейлі мерекесінде, өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.

Салтанатты шарада Дәурен Оңғарбайұлы барша ұстаздар қауымын санаулы күндерден кейін елімізде өтетін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған республикалық референдумға ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, белесене атсалысуға шақырды.

Мерекелік шарада ауданның білім саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар мұғалімдер облыс әкімі мен аудан әкімінің, облыстық білім басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» марапатталса, Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бағым Сакиева Қазалы ауданының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ бір қолымен бесікті тербетіп, ұрпақ тәрбиелеу ісінеде ерекше үлес қосып жүрген аналарға «Алтын» және «Күміс» алқалар табысталды.

Марапаттау рәсімінен кейін, сахна төріне барша білім саласындағы нәзік жандылар қауымына арналған аудан әкімінің ықылас гүлі шығарылды.

Мерекелік көңілді кешті өнерлі ұстаздар қауымы, мектеп оқушылары, түрлі ән байқауларының жеңімпаздары әуелеген әнмен көркемдеді. Ал қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Кеңес Әлімжан шарада ән шырқап, ұстаздарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара соңы оқушылардың орындауындағы керемет хормен аяқталып, барша ұстаздар қауымына гүл шоқтары ұсынылды.