Қазалылықтар жаңарған Қызылорданы аралауда

86

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Қазалы ауданынан барған делегация Сыр елінің орталығы – Қызылорда қаласындағы жаңа нысандармен танысуды жалғастыруда. Бұл сапар – жаңару мен жаңғырудың нақты көрінісіне айналған игі бастама болды.

Делегация аналарға құрмет пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Анаға тағзым» орталығына барды. Заманауи үлгіде салынған бұл орталықта салт-дәстүрді насихаттау, жас отбасыларды қолдау, әйелдердің шығармашылығы мен креативті индустриясын дамыту бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл нысан өңірдегі рухани тәрбие мен отбасы құндылықтарының ордасына айналып отыр.

Мұнан кейін делегация «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасын аралады. Заманауи талаптарға сай салынған мектептер оқушыларға сапалы білім алуға барлық жағдай жасап, үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік беруде. Аймақта бұл жоба аясында мыңдаған оқушыға арналған жаңа мектептер пайдалануға беріліп, білім саласының сапасы жаңа деңгейге көтерілді.

Сондай-ақ, қазалылықтар өңірдегі ірі спорт нысандарының бірі – «Kaysar Arena» стадионымен танысты. Бұл кешен бұқаралық спортты дамытуға, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі.

Жалпы, Қызылорда қаласында соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды құрылыстар мен әлеуметтік нысандар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жүйелі түрде іске асырылып келеді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген мұндай жобалар халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңару күні аясындағы бұл сапар – өңірдің жаңаша келбетін көзбен көріп, оң өзгерістерді сезінуге мүмкіндік берді.

Делегация сапары мұнымен аяқталмайды. Олар бүгін жаңадан пайдалануға берілетін тұрғын үйлер мен заманауи Құзыреттілік орталығының ашылу салтанатына қатысады.

Қазалы ауданы әкімдігі