«Елу жылда ел жаңа» дейді, қазағымның қанатты тәмсілі. Ата-бабаға арман болған тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі жаңа қоғамда, сана серпілісі мен сандық технология әлгі қанатты тәмсілдің адымын қысқартып, өркениетке ұмтылған жаңа Қазақстанның даму жүйесін жылдамдата түскендей. Осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы Қазалы мен қазіргі Қазалының айырмашылығын жер мен көктей деген артықтау болар, дегенмен таңдай қақтырар тұстары жетіп артылады десек, артық айтқандық болмас. Соның бір ғана мысалын осыдан қырық жылдан аса уақыт бұрын, 1983 жылы қазығы қағылған «Жеңіс» паркімен байланыстырған жөн болар еді.
1983 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың бастамасымен, жергілікті халықтың біркісідей қолдау білдіріп ұйымдасуының арқасында, Ұлы Жеңістің 40 жылдығы құрметіне бұрынғы Жаңақазалы поселкесі, бүгінгі Әйтеке би кентінде көлемі сексен гектар алқапты алатын мәдениет және демалыс саябағының құрылысы басталған болатын. Тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келгендіктен, әдепкіде саябақ құрылысы баяу жүргенімен, жыл өткен сайын мәдени объектілердің ауқымы біртіндеп кеңи берді.
1990 жылы Жеңістің 45 жылдығына байланысты Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағында соғыстан оралмаған қазалылықтарға арналып ескерткіш тұрғызылып, 3100 жауынгердің тізімі мәрмәр тастарға ойылып жазылды. Ескерткіш қабырғасына келер ұрпаққа арналып, яғни жеңістің жүз жылдығына орай бабалар ерлігі, кейінгі ұрпаққа аманаты – капсула-хат жазылып қаланды.
Саябақта Отан үшін жанын қиған жерлестерімізге арналған «Тағзым» алаңы, Ауған соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш-белгі, мәдениет, өнер, білім, спорт, денсаулық саласы үздіктерінің алаңы, теміржолшылар алаңы, ауданның құрметті азаматтарына арналған алаң, яғни сол кезеңге сәйкес он бес әлеуметтік маңызы бар объект бой көтерді. Уақыт өте келе саябақ ішінде Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйі, мұражай ғимараттары қоныс тепті. Ал Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, «Жеңіс» саябағындағы соғыста қаза тапқан жерлестерімізге арналған «Тағзым» алаңы қайта жаңғыртылып, ауқымды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, соғыста құрбан болған белгісіз жерлестеріміздің тоғыз мыңдай жаңа есімдері мәрмәр тастарға қайта қашалып жазылды.

Саябаққа кіретін бас қақпа жаңадан орнатылды, қоршау жұмыстары жүргізіліп, жарықшамдар іске қосылды. Уақыт өткен сайын жалғасын тауып жатқан қарқынды жұмыстар нәтижесінде, Қазалыдан шыққан бес Кеңес Одағының Батыры мен бес Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ескерткіш бюстері саябақтың көркі көзтартарлық орталық «Даңқ» аллеясынан орын тепті.
Алайда, соңғы он шақты жыл көлемінде «Жеңіс» паркі атауымен белгілі болып келген саябақ қараусыз қалғандай күй кешіп, жергілікті ақпарат көздерінде, әлеуметтік желіде, көпшіліктің басы қосылған түрлі жиындарда сын садағына жиі ілініп жүргені де жасырын болмай қалған еді. Осы олқылықтың орнын толтырғандай ортақ нәтижесі ақыры өз мәресіне жетіп, облыс басшысының тікелей қолдауымен Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің бастамасымен айналасы бір-екі жыл көлемінде бұрынғы «Жеңіс» паркі саябағы жылдам жүзеге асырылған жауапкершілікке негізделген ауқымды жоба аясында адам танымастай түлеп, өңірдің өзгеше өркениетінің бөлекше белгісіндей болып, қысқа мерзім ішінде қайта бой көтерді.
Жеңістің 80 жылдығы аясында, 1-маусым – Балаларды қорғау күніне сәйкестендіріліп, сонымен қатар 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орайластырылып Қазалы мәдени-демалыс кешені – Отбасылық демалыс саябағының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Қысқа мерзім ішінде киелі өңіріміз – қазыналы Қазалының орталығы Әйтеке би кентінде ел игілігіне пайдалануға берілген Отбасылық демалыс саябағы – бұл шынайы рухани және экологиялық жаңғырудың жарқын бір көрінісі. Қоршаған ортамен, табиғатпен үйлесім тапқан заманауи кешен ұрпақ тәрбиесіне, салауатты өмір салтына, берекелі отбасы құндылықтарын дамытуға қосылған өлшеусіз үлес екендігі даусыз.
Мәдени-демалыс кешенін көркейтіп көгалдандыру, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында түрлі жеміс ағаштарымен бірге, қарағай, аққайың, туя, үйеңкі, катальпа, сыр талы сияқты жиырма мыңға жуық көрген көзді қуантып, көңілге қуаныш ұялататын көшеттер мемлекеттік орган тарапынан да, осы өлшеусіз еңбек сіңірілген игілікті пайдаланатын тұтынушылар тарапынан да тазалығы мен одан әрі көркеюіне көңіл бөлініп, шын ниеттен жанашырлық танытылып, ортақ іс, ортақ игілік ретінде күтімге алынып жатса, тұрғындардың шын мағынасындағы қуанышының өтеуі сол болар еді. Саябақтың ашылуында аудан басшысы көңіл қуантарлық шараны көзбен көруге жиналған көпшіліктің қуанышына ортақтасып, өз құттықтауын жеткізді.
– Бүгінде Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында жасыл желектерді көбейту, аудан орталығының озық сәулеттік келбетін, үлгісін қалыптастыру, заманауи бет-бейнесін айшықтау мақсатында көшелердің бойын, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, қас беттерін және саябақтар мен мәдени демалыс орындарын абаттандырудамыз. Ауданымыздың сәулеттік келбеті күн өткен сайын көріктеніп, жаңарып келеді. Баршаңызды бүгінгі аудан орталығындағы 40 жылдық тарихы бар саябақтың қайта жаңғырып, кереметтей мәдени кешен, отбасылық демалыс орнына айналуымен шын жүректен құттықтаймын. Заманауи талаптарға сай жабдықталған саябақ ендігі жерде аудан тұрғындары мен қонақтарының салауатты өмір салтын ұстануына, отбасы мүшелерімен бірге бос уақытын, демалысын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Мәдени-демалыс кешені «Жеңіс» саябағы және Отбасылық демалыс саябағы сынды екі бөліктен тұрады. Жаңа үлгідегі әсем кешеннің құрылысын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде пайдалануға берген ─ «КазЭлитСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі ұжымына және саябақтың абаттандыру, құрылыс жұмыстарына атсалысқан барша азаматтарға аудан жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Мерекелік құттықтаудан кейін, саябақтың жаңаша келбетіне көрік беріп тұрған ең үлкен аттракцион іске қосылып, жиналған тұрғындар, жас отбасылар, балалар жаңалықтың жаршысындай елге арналған игілікті тамашалауға қызу кірісіп кетті.
Саябақ ашылғаннан бергі санаулы күндер ішінде келуші тұрғындар және қонақтар легі толастамай тұр.
– Осындай игі істің жүзеге асуына бастамашы, себепші болған ел ағаларына алғысымыз шексіз. Ел еңсесін биіктететін осындай жарқын істердің жалғасын таба беруіне біздер, жас отбасылар, аудан тұрғындары, әрдайым тілекшіміз, – дейді саябаққа арнайылап келген Әйтеке би кентінің тұрғыны Тұрсынай Көптілеу.
– Расымен де, бұл халықтың игілігі үшін жасалған керемет жоба болды, – дейді кент тұрғындары, төрт баланың ата-анасы, ерлі-зайыпты Артықбаевтар.
– Отбасымызбен келіп серуендегенде айналада аралап жүрген халықтың көзінен шынайы ризашылық ұшқыны анық байқалып тұрады. Аз уақыт ішінде бірнеше рет келіп үлгергенімізде байқағанымыз, біздің ауданның отбасылық демалыс саябағына тек аудан тұрғындары ғана емес, көрші Қармақшы, Байқоңыр, Арал ауданынан қонақтар келіп, аралап, құрылыс нысандарын пайдаланып, таңғалып жатқандарын көрдік. Серуендеуге алып келген үш баламыз қуаныштары қойнына сыймай, бір ойын алаңынан екіншісіне жүгіріп тыным таппады. Жиырма-отыз бала қатар ойнайтын батуттар, үстінен кереметтей шағын көпір жүргізілген, табаны бетондап жасалған, бір адамдық, екі адамдық шағын қайықпен балалардың серуен құруына арналған шағын көлшік, автоматты серуен машинасы алаңқайы, ертегі үйшіктеріндегі түрлі дыбыстар шығаратын ертегі кейіпкерлері, бассейн, сырғанайтын баллон – балалар үшін таптырмайтын тосынсый болып тұр. Жастарға арналған саябақ, футбол, баскетбол алаңдары, таңертең, кешкілік арнайы барып жаттығу жасауға арналған фитнестік тренажерлар үлкеннің де кішінің де көңілінен шығып тұрғанына күмән жоқ. Осындай ауқымды істің атқарылуына үлес қосқан барша азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.
Аз уақыт ішінде аудан тұрғындарының рухани да әлеуметтік, экологиялық тыныс-тіршілігінің қалыпты арнаға түсуіне септігін тигізе бастаған Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі Отбасылық демалыс саябағы мен «Жеңіс» саябағының көптің игілігі үшін сапалы қызмет атқара беретініне сенім мол.
Әлімжан ҚИЯС,
Қазалы ауданы





