Сырдария ауданында жергілікті әйел-аналар арасында қазанжаппай дайындаудан сайыс өтті. Іс-шараны аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі, аудандық әйелдер кеңесі және А.Тоқмағамбетов ауылдық клубы ұйымдастырды.
Сайысқа он шақты әйел қатысып, ұмытылып бара жатқан ұлттық асты әзірлеудің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, дастарқан мәдениетін насихаттады. Оның арасында жасы сексенге таяған кейуана да бар. А.Тоқмағамбетов ауылынан қатысқан Орынбасар Үмбетова келінімен бірге көпшілікке ұлттық асты ұлықтап, сайыс нәтижесінде 2-орынды жеңіп алды.
Ал І орынды белсенділігімен көзге түскен Ақжарма ауылының тұрғыны Нұрсәуле Ерімбетова иеленді. Сауыншы болып еңбек ететін ол ас әзірлеуді бала күнінде анасынан үйренген.
– Әсіресе, қазанжаппай пісіруді шебер меңгеріп, бүгінде сол дәм мен дәстүрді қыздарыма үйретіп келемін. Оның дәмі мен дайындау тәсілі өзгеше. Қазанжаппай қазанда арнайы әдіспен дайындалады, өте дәмді. Әр үйдің өз ерекшелігі мен дәмі болады. Сондықтан барлық қазанжаппай бірдей деуге келмейді, – дейді ол.
Сайыстың 3-орны Амангелді ауылының тұрғыны Райхан Медеуоваға бұйырды. Жүлдегерлер мен өзге де қатысушыларға диплом, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





