Англияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан Әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Отандастарымыз дүбірлі доданы 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен түйіндеп, жалпы командалық есепте көш басына шықты.
Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов негізінен тәжірибелі боксшыларға сенім артты. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) мен Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.
Ал Елдос Сайдалин бастаған бапкерлер әйелдер құрамасында тәжірибелі боксшылармен жастарды да алып барды. Қазірге дейін Әлем және Олимпиада жүлдегері болып үлгерген Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Элина Базарова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) шаршы алаңға шықты.
Әлем чемпионатында қазақстандық қай боксшы да тартысты жекпе-жек өткізді. Олардың әрбірінің де финалға дейін жетуіне мүмкіндігі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Десе де шаршы алаңдағы бәсеке шын мықтыны анықтады. Кейбірінің бабы келіскенмен, бағы жанған жоқ. Кейбір сәтте төрешілердің бұра тартқан жағдайы кездесті. Қуанарлығы, қаншама уақыт бойы төккен тердің өтеуі қайтты.
Ел құрамасында Санжар Тәшкенбай (50 келі) мен Махмұд Сабырхан (55 келі) секілді сақа спортшылар болды. Қазірге дейін әлем чемпионы атағын бір мәрте жеңіп үлгерген боксшылар да бұл жолы ешбір сыр берген жоқ. Барлық жекпе-жегінде жинақы қимыл көрсетті. Шаршы алаң төрінде ширақ қимылдап, жеңіс тұғырынан көрінді. Саңлақтарымыз жиырмадан енді асқан жігіттер екені қуантады. Алдағы Олимпиадада атой салатын жасқа келіп жатыр. Ол Қазақстан боксының болашағы зор екенін дәлелдейді.
Сондай-ақ Махмұдтың туған інісі Төрехан да Әлем біріншілігінде бақ сынады. Небәрі 19 жасқа енді келіп жатқан талантты спортшы дүбірлі дода барысында ешкімнен қаймыққан жоқ. Шешуші раундта жас боксшы өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ал қыздар арасында Алуа Балқыбекова (51 келі) финалда алтын жүлдені түркиялық Бусеназ Чакыроглумен сарапқа салды. Алғашқы екі раундта Алуа жинақы қимылдап, қарсыласына көбірек соққы жұмсады. Оған түркиялық спортшы тойтарыс бере алған жоқ. Бас жүлде отандасымыздың еншісіне бұйырды.
Есте қалатын тағы бір жекпе-жек Аида Әбікеева мен өзбекстандық Навбахор Хамидова арасында өтті деуге толық негіз бар. Қарсыласы қазірге дейін Әлем чемпионатында екі мәрте жүлдеге іліккен. Тәжірибесі толысқан өзбек қызы алғашқы екі раундта жеңісті өзіне аударғысы келді. Төрешілер де оның басымдығын мойындап, қажетті ұпайын қоржынға салды. Есесіне шешуші раундта жанкүйерлер толықтай Аиданың шеберлігіне тәнті болды. Сол арқылы төрешілер қолдауына иеленді. Жеңіс тұғырына қазақстандық боксшы көтерілді.
Сондай-ақ Наталья Богданова (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Айбек Оралбай (90 келі) сынды былғары қолғап шеберлерінің жетістігіне ел сүйсінді.
Осылайша он күнге созылған бокс мерекесі мәресіне жетті. Әрине, біздің құрама үшін әлі де жасалатын жұмыс аз емес. Былғары қолғап шеберлері арасында бәсекелестікті арттыру, олардың шеберлік деңгейін жетілдіру секілді көптеген талап бар. 2028 жылғы Олимпиада жақындап келеді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





