Қазақстан 7 жылда 6 млн тонна мұнай өнімін сырттан сатып алған

133

0

Фото: ҚазМұнайГаз

Мәжілісте мұнай-газ саласын дамыту саясатына арналған Үкімет сағаты өтіп жатыр. Саладағы өзекті проблемаларды депутат Еділ Жаңбыршин баяндады.

«Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды. Бұл ретте мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды. Еліміздегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың мұнай өндіру көлемі азаюда. Сонымен қатар, бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады. Ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс», — деді депутат.

Оның сөзінше, Қзаақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импортқа тәуелді. 7 жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталған.

«Яғни, еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді. Осы ретте, жаңа ғана министрдің баяндамасында алдағы 8 жылда мұнай өндіруді 56 процентке көтеріп, 28 млн тоннаға жеткізу жоспары бар екенін естідік. Бірақ, бұл жоспардың уақытында орындалатынына күмәніміз бар», — деді Еділ Жаңбыршин.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде мұнай-газ саласында 1,3 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етіп жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<