Қазақстан алғаш рет «Miss Grand International – 2025» байқауында танылады

196

0

15 қыркүйек күні Алматы қаласында, Promenade Business Park орталығында Томирис Кадырханның «Miss Grand International – 2025» халықаралық сұлулық байқауына қатысуына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шарада «Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева, «Miss Grand Qazaqstan – 2024» Томирис Қадырхан және «Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының PR-менеджері Құралай Құрман сөз сөйледі.

Биыл Қазақстан алғаш рет «Miss Grand International» байқауында танылмақ. Аталмыш халықаралық дода Тайландтың Бангкок қаласында өтеді. Байқау 29 қыркүйекте басталып, ақтық кезеңі 18 қазанда өтеді.

«Қазақстан Аруы» – әлемдегі ең беделді үш халықаралық сұлулық байқауына лицензиясы бар жалғыз ұлттық байқау. Сондықтан 2024 жылғы жеңімпаз әрі «Miss Grand Qazaqstan – 2024» атағының иегері Томирис Кадырхан еліміздің намысын «Miss Grand International – 2025» сахнасында қорғайды», – деді PR-менеджер Құралай Құрман.

Елімізді әлемдік аренада лайықты түрде таныстыру үшін Томирис жауапты әрі қызу дайындық үстінде: ол бос уақытын ән үйірмесі мен байқауға арналған түсірілімдерге, сонымен қатар жасанды интеллект арқылы дайындалған ұлттық киім үлгісін тігу процесіне бөледі.

«Костюмнің эскизін суретші Айгүл Мұсабаева екеуміз дайындадық. Шабыт көзі ретінде Томирис патшайымның бейнесін алдық. Ерекше костюм арқылы қазақ қыздарының бойында нәзіктікпен қатар батылдықтың да бар екенін көрсеткім келеді», – деп бөлісті Томирис Кадырхан.

«Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева Томириске жүктелген ерекше миссияны атап өтті: «Бұл байқауға 50-ден астам елдің арулары қатысады. Ақтық кезеңге дейін Томирис шығармашылық қабілетін көрсетіп, соғыс пен зорлық-зомбылыққа қарсы ұстанымын білдіреді», – деді ол.

Томирис Кадырхан – ел намысын қорғайтын Қызылордалық жас ару. Бүгінде ол сән саласымен қатар, өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сұлулық әлеміндегі ең беделді атақ иегері бола тұра, Томирис ару қоғам алдындағы адамгершілік борышын ұмытпайтынын айтты: ол әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қорғаусыз қалған жануарларға көмектесуді жалғастыруды көздейді.