Қазақстан биыл үздік туристік бағыттар тізімінде 119 елдің ішінде 52 орынға тұрақтады

309

0

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Қазақстан Саяхат және туризмді дамыту жөніндегі дүниежүзілік экономикалық форумның индексіне сәйкес, үздік туристік бағыттар тізімінде 119-дан 52-ші орынды иеленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2 жыл бұрын еліміз 117 елдің ішінде 66-шы орында болған. Болашақта осы рейтингтегі үздік 50 елдің қатарына кіру міндеті тұр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласы пандемиядан кейін толық қалпына келіп қана қоймай, туризмнің негізгі көрсеткіштері бойынша ең жоғары деңгейге жеткен. 2023 жылы елге 9,2 млн шетелдік келген. 2022 жылғы статистикадан 2 есе көп. 9,6 миллионнан астам отандас ел ішінде саяхаттады, яғни 2022 жылдан 1 млн-ға артық. Туризм нысандары 229 млрд-тан астам теңгеге қызмет көрсетті, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 1,3 есе көп.

«Бағаның бәсекеге қабілеттілігін, қызмет көрсету сапасын және әлеуметтік-экономикалық ықпалды қоса алғанда, түрлі критерий бойынша рейтингті жақсарту біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Екінші жағынан, бұл – орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, қауымдастықтар, бизнес және аралас салалардың үйлесімді жұмысының көрсеткіші», – деді спикер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<