Қазақстан-Италия: Сенімді серіктестіктің жаңа сипаты

168

0

Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрі бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони тет-а-тет форматында келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Италия Министрлер кеңесінің төрағасына Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін алғыс айтты.

– Сіздің бұл сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастығымыздағы айтулы оқиға. Біз өзара байланысқа, достық пен сенімге құрылған қарым-қатынасқа айрықша мән береміз. Италия Қазақстанның әлемдегі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді және Еуропадағы ірі әріптесіміз. Бұл бекер емес. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтауымыз қажет. Сіздің сапарыңыз қос ел арасындағы көпқырлы ықпал­дастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумының арнайы сессиясына қатысқаны үшін Италия Премьер-министріне ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Джорджа Мелони бұл сапардың Қазақстан мен Италия қарым-қатынасын жандан­дыруға ықпал ететінін айтты.

– Еліңізге шақырып, қонақжайлық таныт­қа­ныңыз және Астана халықаралық форумында сөз сөйлеуге мүмкіндік жасағаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бұл форум диалог үшін маңызды алаңдардың біріне айналып келеді. Біз Қазақстанды Италияның стратегиялық серік­тесі, ал Орталық Азия өңірін стратегиялық тұрғыдан маңызды тоғыз жолдың торабы ретінде қарастырамыз. Бізге диалог қажет. Мұны Өзіңіз де жақсы түсінесіз. Қазақстан – Италияның көптеген сала бойынша маңызды әріптесі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. Әйтсе де, кеше айтқанымдай, энер­гетикадан бастап мәдениетке дейін, универ­ситеттердің тәжірибе алмасуы, халықтар арасын жақындату бағыттарында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар, – деді Италия Премьер-министрі.

Кездесуде сауда-экономикалық және ин­вес­тициялық ықпалдастықты кең­ейту перспективасы талқыланды. Энер­гетика, аса маңызды мате­риалдар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, сонымен қатар жаңартылатын қуат көздері салаларында байланыс орнату мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды. Бұдан бөлек, өңірлік және халықаралық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты.

Кеше сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станға ресми сапармен келген Джорджа Мелонимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Жиынға екі ел делегациялары қатысты.