Фото: ашық дереккөз
Түркияда жүрген Қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан 3 адамды алып шығуға күш салып жатыр, деп хабарлайды оқиға орнынан ақпарат таратып жатқан ҚазАқпарат тілшісі Ақжігіт Шүкібай.
«Қазақстандық құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олардың айтуынша, дәл сол жер жерде үйінділер астында 3 адам жатыр. Олар мамандарға жауап беріп жатыр және су сұрауда. Біздің медицина мамандары оларға суды дәрі-дәрмекті тамырға тамшылатып жіберетін құрылғымен беруге тырысты. Зардап шеккендер қиранды астында 72 сағаттан астам жатыр», – деп мәлім етті журналист.
Еске салайық, Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке қонған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы аталған қалаға кешке кешқұрым жетті. Қазақстан ұшағымен елге алғашында 16 адам эвакуацияланды. Бүгін, 9 ақпан күні таңертең тағы 64 адам мінген борт Астана әуежайына келіп қонды.
Қазір Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жоғалып кеткен қазақстандықтар іздестіріліп жатыр. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні кешке аман-есен табылды.
Төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқарманың (AFAD) дерегіне сәйкес, 6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді. Түркия басшысы Режеп Тайи Ердоған 10 провинцияда 3 айға төтенше жағдай режимін енгізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<