Қазақстан мен Италияның әскери альпинистері Нұрсұлтан шыңын бағындырды

494

0

Қазақстан мен Италияның әскери альпинистері Нұрсұлтан шыңын бағындырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Италия Қарулы күштерінің альпинистерімен тәжірибе алмасу аясында Тұйық-Су шатқалынан – Мыңжылқы үстірті – Нұрсұлтан шыңы бағыты бойынша төрт мың метрге (4330,9 м) шықты.

Жиын Тау дайындығы оқу-жаттығу орталығында қазақстандық Арнайы операциялық күштер әскери қызметшілері мен таудағы практикалық операцияларда тәжірибесі бар итальяндық нұсқаушылардың қатысуымен өтті.

Аталған шара жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде әскери қызметшілердің тау дайындығы мен төзімділік деңгейін арттыруға бағытталған. Сабақта бөлімшелердің таудағы қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлінді. Жиын қатысушыларына тиісті сертификаттар табыс етілді.

Бұл Қазақстан мен Италия арасындағы әскери ынтымақтастықтың алғашқы тәжірибесі емес. 2013 жылы шілде айында еліміз Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бөлімшелері Италияның Альпі тауларында өткен тау бөлімшелерінің «Фальзарего» оқу-жаттығуына қатысқанын айта кету керек.

Осыған дейін Қазақстан мен Италияның әскери альпинистері Мәншүк Мәметова шыңын бағындырғылары келетіні туралы жаздық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<