Қазақстан мен Қытай арасындағы радиоактивті қалдықтарды өткізбеу туралы құжат мақұлданды

621

0

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық қауіпті заттарды заңсыз өткізудің алдын алу мақсатында кедендік бақылау саласындағы Тараптардың ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық, бірлескен оқу-жаттығулар мен оқыту семинарларын өткізу ескерілген. Екіншіден, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Тараптардың халықаралық мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы орайда, тараптардың кеден шекарасындағы өткізу пункттерінде радиациялық бақылау жүргізу, азаматтардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қамтылған», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, үшіншіден, тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес, әкелуге тыйым салынған ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық қауіпті заттарды әкелуге жол бермеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда радиация аясы белгіленген нормалардан асатын тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға қатысты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптары әкелу елінде сақталмаған жағдайда, мұндай тауарларды екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетуге жол берілмейді.

«Тараптар екінші Тараптың аумағынан келіп түскен тауарлар мен көлік құралдарының иондаушы сәулелену деңгейіне қатысты аспаптар көрсеткіштерінің әртүрлілігі анықталған жағдайда, мұндай көрсеткіштер анықталған өткізу пунктінің аумағында бірлескен радиациялық бақылау жүргізу мүмкіндігі Келісімнің маңызды нормасы болып отыр. Бірлескен радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарының өкілдерінен және оқу орталықтарының мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы айқындайтын болады. Осы Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытай арасындағы ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болдырмау рәсіміне қатысты мәселелерді неғұрлым нақты және неғұрлым тиімді құқықтық реттеуге ықпал ететін болады. Келісімді іске асыру республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді», – деді министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<