Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға орай Қазақстан Республикасы өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан эвакуациялауды жедел ұйымдастырды.
«Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды» делінген Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Келтірілген дерекке қарағанда, эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтсе, барлық азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалған.
«Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақытылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді.
Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті, сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажетті қолдау көрсетті.
Қысқа мерзімде 200-ден астам азаматымыз хабарласып, оларға көмек көрсетілді. Ирандағы барлық қазақстандықтармен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды» делінген хабарламада.
Сондай-ақ отандастарымызды елге қайтару бойынша жұмыс жалғасып, қазіргі уақытта ҚР СІМ басқа құзыретті ведомстволармен бірлесіп Қазақстан азаматтарын Израиль мемлекетінен эвакуациялауды пысықтап жатқаны белгілі болып отыр. Жалпы шетелдегі қазақстандықтардың құқығы, қауіпсіздігі мен амандығы – еліміздің сыртқы саяси бағытының аса маңызды басымдығы.
«СБ» ақпарат





