Қазақстан Global Soft Power Index жаһандық рейтингінде позициясын жақсартып, 87- орыннан 82-орынға көтерілді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанның көрсеткіші 35,9 балды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,8 балға жоғары.
Аталған рейтинг елдердің «жұмсақ күшін» бағалайды, яғни мемлекеттердің әскери күш немесе экономикалық қысым емес, мәдениеті, бизнесі және дипломатиялық ықпалы арқылы басқа елдерге әсер ету қабілетін анықтайды.
Индекс әлемнің 100-ден астам елінде жүргізілген сауалнамаға қатысқан 150 мыңнан астам респонденттің пікіріне негізделген. Зерттеу барысында елдің танымалдылығы, халықаралық беделі және жаһандық ықпалы бағаланады. Сонымен қатар мемлекеттердің инвестиция, сауда, талантты мамандар мен туристер тарту мүмкіндігі де ескеріледі.
Рейтингке БҰҰ – ға мүше барлық 193 мемлекет енгізілген.
Жалпы тізімде Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде ең жоғары орынға ие болды. Мәселен, Өзбекстан 92-орынға (34,5 балл), Тәжікстан 129-орынға (31,0 балл), Түрікменстан 138-орынға (30,2 балл), ал Қырғызстан 142-орынға (29,8 балл) орналасты.
Рейтингтің алғашқы бестігіне АҚШ (74,9 балл), Қытай (73,5), Жапония (70,6), Ұлыбритания (69,2) және Германия (67,7) кірді. Ал алғашқы ондықты Франция, Швейцария, Канада, Италия, БАӘ толықтырды.
Айта кетейік, Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені «Дара» президенттік бастамалар қорының қолдауымен ұйымдастырған Silk Power атты іс-шара өткен еді.
Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл болды.






