Қазақстан полициясының құрдасы ҚАЖ саласында

464

0

Қазақстан полициясының құрылғанына биыл – 30 жыл. Қазақстан полициясының құрдасы 1992 жылы дүние келген Абдолла Уайдаев бүгінде ҚАЖ саласында қызмет етеді.

Ол 1992 жылы 16 шілдеде қарапайым отбасында дүниеге келген. Кішкентай кезінен қайсар рухты, айтқан сөзінен тайсалмайтын беріктігі, шыдамдылығы мен төзімділігі оның болашағынан үлкен үміт күттіретін. Ата –анасы Абдолланың алға қойған мақсатына қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін айтып отырды. 

Әкесі Нағашбек ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесі құрылғалы, осы мекемеде жүргізуші болып, адал қызмет етіп Қылмыстық-атқару жүйесіне елеулі үлес қосып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты әке. Әкесінің темірдей тәртібінің арқасында Абдолла кішкентай кезінен болашақта кім болатынын шешіп қойған-ды. Әкесінің қасынан бір елі қалмай, ақыл-кеңестерін санасына құйып өсті. Ол мектепті жақсы бағамен тәмамдап, «Павлодар заң колледжін» және Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын бітіреді. Еңбек жолын 2011жылдан Байқоңыр қалалық инспекциясының инспекторы лауазымынан бастап, кейін ЗК-169/4 мекемесінде жасақ бастығы, кадр саясаты тобының аға инспекторы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда осы мекеменің тәрбие  бөлімінің бастығы лауазымын атқарып келеді.

«Әкемнің жанын еріп жүріп, форма киген азаматтарға қарап қызығатынмын. Бала арманым мені алға жетелеп, ҚАЖ саласына деген қызығушылығымды оятты. Уақыт өте келе бұл жұмыстың қаншалықты ауыр және жауапты екенін түсіндім. Мұнда аяғын шалыс басып, темір торға түскен жандардың барлығын қалыпты өмірге қайта оралуы үшін тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Сотталғандарды тәрбиелеу ісіне бір кісідей жұмылып, жасақ бастықтары, психолог, теолог,  тәрбие бөлімінің мамандарымен бірігіп, жұмыс істейміз.

Осы салаға келгеніме еш өкінбеймін. Осы айтулы жылы өмірге келу маған мақтаныш сезімімен бірге, үлкен жауапкершілік жүктейтінін ес біле түсіндім. Қазақстан полициясының құрдасы екеніме мақтанамын. Қазақстан полициясы күні қарсаңында барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын», – дейді әділет майоры Абдолла Нағашыбекұлы.

ҚАЖ саласында антына адал қызмет ете жүріп, ҚР ІІМ-нің, ҚАЖ комитетінің, департамент бастығы мен мекеме бастықтарының Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Қиын да қауіпті саладағы қызметімен отбасын қатар алып жүрген Қазақстан полициясының құрдасы әділет майоры Абдолла Уайдаевтың алар  асулары әлі алда екеніне сеніміміз мол.

Дана Достанова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<