Қазақстан құрамасы Грекиядан ойсырай жеңіліп қалды

518

0

Фото: Видеодан кадр/qazsporttv

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы жартылай финалында Грекиядан жеңілді. Осылайша 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасына қол жеткізе алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев алғашқы минуттан Шацкий, Вороговский, Ерланов, Марочкин, Быстров, Қайыров, Астанов, Зайнутдинов, Бейсебеков, Чесноков, Самородовқа сенім артты.

Алғашқы минуттан грекиялық футболшылар ойынды белсенді бастады. Нәтижесінде бірінші кезеңде олардың қатарынан Анастасиос Бакасетас 9-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындап, өз құрамасын алға шығарды.

Одан кейін қазақстандық футболшылардың өрескел қателігін шебер пайдаланған Димитриос Пелькас 15, Фотис Иоаннидис 37, Димитриос Курбелис 40-минутта қатарынан үш гол соғып кетті. Ойынның 87-минутында Еркін Тапалов өзінің қақпасына гол соғып алды.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Енді Грекия құрамасы Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы финалында 26 наурызда Грузиямен шеберлік байқасады. Олар бүгін Люксембург құрамасын 2:0 есебімен сүріндірді.

Финалда жеңімпаз болған құрама Еуропа чемпионаты финалдық сатысында F тобындағы Түркия, Португалия және Чехия қатарына қосылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<