Қазақстан су тасқыны кезеңіне дайын емес – ТЖМ басшысы

671

0

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қазақстан су тасқыны кезеңіне әлі дайын емес екенін, әкімдіктер әлі де су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуына тек ресми түрде қарайтынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Бүгінде су тасқыны жағдайына толық дайындық туралы айту мүмкін емес.(…) 255 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр, бұл – 127 мыңнан аса үй мен 700 мыңнан аса азамат. Былтырғы су тасқыны кезеңін талдау нәтижелері бойынша, су тасқынының негізгі себептері – өзен арналарының балдырлануы мен лайлануы, арық жүйелердің болмауы, су қорғау аймақтарында тұрғын үйлердің салынуы», – деді Юрий Ильин Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, тәуекел деңгейі жоғары өңірлер қатарына Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Абай, Жетісу облыстары кіреді.

Ұлытау және Павлодар облыстарында тәуекел деңгейі орташа.

Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша тапсырмаларды орындауға әлі де ресми көзқарас бар.

«Үкімет отырыстарының қорытындысына қарамастан, әкімдіктер 2022 жылға көзделген Жол картасының барлық іс-шараларын іске асырған жоқ. Бүгінде 68-ден 15,6 миллиард теңгеге 41-іс-шараны іске асыру аяқталған жоқ. Бұған жергілікті бюджеттерден қаражаттың бөлінбеуі немесе уақтылы бөлінбеуі ықпал етті. Өткен жылдардағы тәжірибе бойынша, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алуда қардың уақтылы шығарылуы, су айдау құралдарының болуы және өзендердегі мұздың әлсіреуі үлкен маңызға ие», – деп толықтырды Ильин.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<