«Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбында диалог алаңы өтті

217

0

Фото: Ассамблея Қызылорда

Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі базасында Республика күніне орай «Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбында диалог алаңы ұйымдастырылды.

Іс-шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен педагогикалық жоғары колледжі бірлесіп өткізді.

Диалог алаңының мақсаты – жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыру, ел дамуына өз үлесін қосуға ынталандыру, сондай-ақ қоғамдағы жаңару мен жаңғыру үдерістерін талқылау болды.

Іс-шараға №212 мектеп-гимназиясының мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, тренер Алия Аюдуллаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі, Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Қуаныш Жарекеев және «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Үсенбаев арнайы қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Спикерлер жастардың белсенді азаматтық ұстанымы, мемлекет пен қоғамның дамуындағы жаңа бағыттар, ұлттық бірегейлікті сақтау, заң үстемдігін нығайту және қоғамдық сананы жаңғырту сияқты өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады.

Кездесу соңында колледждің филология бөлімінің студенттері Республика күніне арнап өздері шығарған жүрекжарды өлеңдерін оқып, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.