Қазақстанда 180-ге жуық қар барысы мекендейді

497

0

Қазақстанда 140-180-ге жуық қар барысы мекендейді. Бұл туралы аталмыш жыртқыш түрін сақтап қалуға арналған Бішкектегі шара барысында ҚР Экология вице-министрі Әлия Шалабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экология министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 20-21 қазанда Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Қар барысы мен оның экожүйелерін сақтау жөніндегі жаһандық бағдарламаның (GSLEP) басқарушы комитетінің жетінші отырысы өтіп жатыр.

«Қар барысы – Қазақстанның сирек кездесетін ірі жыртқыштарының бірі. Ол 1978 жылы еліміздің Қызыл кітабына енгізілді. Сонымен қатар қар барысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік символы болып табылады және қазақ халқының баға жетпес табиғи және мәдени мұрасын бейнелейтін үлкен қоғамдық маңызы бар», – деді Ә.Шалабекова.

Қазақстан аумағында еліміз үшін ғана емес, жалпы әлемдік экология үшін маңызды рөл атқаратын биоалуантүрліліктің үлкен шоғыры бар. Дегенмен, айта кету керек, Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрі де бар. Қар барысы солардың қатарында. Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде 140-180-ге жуық қар барысы мекендейді.

Елімізде халықаралық агенттіктермен, үкіметтік емес сектормен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесе климаттық өзгерістерге бейімделу шараларын енгізу, биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелерді орнықты басқару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша, орнықты дамудың 17 мақсатына қол жеткізуде Қазақстан ұлттық стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға 80-ге жуық нысаналы көрсеткішті енгізді.

Сонымен қатар 2021 жылы БҰҰДБ ЖЭҚ жобасының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет спутниктік телеметрияны қолдану қолға алынды.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында қар барысын сақтау бойынша көптеген мәселелер шешілуде. Алайда олардың біразы әлі де өзекті болып қала береді. Қазақстанда 1990-шы және 2000-шы жылдардың басында байқалған браконьерлік және қар барысы дериваттарының заңсыз саудасы соңғы жылдары өте сирек кездеседі», – деді вице-министр отырыс барысында.

Айта кетейік, Қар барысы мен оның экожүйелерін сақтау жөніндегі жаһандық бағдарламаның (GSLEP) басқарушы комитетіне 12 ел мүше.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<