Қазақстанда несиесін уақытында төлей алмай жүрген азаматтар саны артып отыр. Halyk Finance Ұлттық банк деректеріне сүйене отырып, елдегі несие портфелінің жай-күйіне талдау жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі таңда Қазақстанда 7,7 млн адам банктерге қарыз. Жалпы берешек көлемі 23 трлн теңгеге жеткен. Несиелердің 55 пайызы тұтынушылық қарыздар, оның ішінде 92 пайызы кепілсіз. Жалпы халық несиесінің 50,8 пайызы кепілсіз қарыздарға тиесілі.
Алаңдатарлық көрсеткіш – проблемалық несиелердің үлесі. 573,6 мың адамның несиесі 90 күннен астам уақыт бойы төленбеген (NPL90+). Оның ішінде 7,5 мың қарыз алушы төрт жылдан бері берешегін өтемеген. Ал кепілсіз тұтынушылық несиелердегі проблемалық қарыз деңгейі 6,65 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар бөліп төлеу арқылы алынған қарыздардың үлесі де жоғары. Қазіргі таңда олар тұтынушылық несиелердің 19 пайызына тең. Қарыз алушылардың 63 пайызы осы құралды пайдаланады. Орташа қарыз көлемі 284 мың теңге, мерзімі – 12 ай. Мамандардың айтуынша, бөліп төлеу несиелерінің сапасы дәстүрлі тұтынушылық несиелермен шамалас.
2025 жылы бөлшек несиелеу өсімі 19,8 пайызға дейін баяулаған. Бұған қатаң реттеу талаптары, жоғары базалық мөлшерлеме және халық табысының өсу қарқынының төмендеуі әсер еткен.
Осыған байланысты Ұлттық банк бөліп төлеу арқылы берілетін несиелерді жеке санат ретінде бөліп, оларды тұрақты түрде бақылау қажеттігін ұсынып отыр.






