Қазақстанда адамдардың өмір сүру ұзақтығы 74 жастан асты

631

0

Фото: primeminister.kz

Елімізде жалпы өлім-жітім төмендеді. Бұл туралы Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі. Былтырдың қорытындысы бойынша бағдарламалық құжаттарды іске асыру аясында 2021 жылдың қорытындысымен салыстырғанда елімізде жалпы өлім-жітім 29 пайызға төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 33 пайызға, қатерлі ісіктен – 8 пайызға, түрлі жарадан 5 пайызға азайды. Сонымен қатар, ана өлімінің айтарлықтай 3 еседен астам деңгейде төмендеуі байқалды. 2022 жылы нәресте өлімінің деңгейі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға төмендеді», – деді А.Ғиният.

Оның айтуынша, халық денсаулығы көрсеткіштеріндегі оң өзгерістер халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 74,44 жасқа дейін өсуіне әсер етті. Бұл ретте, 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 жылға өсті (2021 ж. – 70,23 жыл).

«Халықты сапалы денсаулық сақтау жүйесімен және жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты дамуының үшінші мақсатына жатады. Орнықты даму мақсаттары көрсеткіштерінің ұлттық тізбесі әзірленіп, қабылданды. Ұлттық тізімге 30 индикатор кірді. БҰҰ 2023 жылы Қазақстан Республикасындағы орнықты дамудың барлық 17 мақсатын бағалады. № 3 мақсат – денсаулық сақтау саласы бойынша. Бұл тұрғыда саладағы жағдай «орташа жақсарты және сын-қатерлер сақталып тұр» деген баға берілді», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін министрлік негізгі бағыттар бойынша жұмыс атқарды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<