Фото: ҚазАқпарат
Кейінгі кездері Қазақстанда атом электр станциясы құрылысына қатысты мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. Бұл тұрғыда отандық әрі шетел сарапшылары мен мамандарының пікірі де әртүрлі болып жатты. Осы мәселеге нүкте қою үшін биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салуға қатысты шешімді халықтың өзі шешуі керек екенін нақтылап берді.
«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Президент.
Жалпы, атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізу жауапты әрі маңызды қадам болмақ. Атап айтқанда, кейінгі жылдары бізде энергия тапшылығы байқалды. Ал қандай да бір өнім шығару үшін электр энергиясы керек. Егер қосымша энергия болса, онда экономиканың дамуына қосымша мүмкіндік жасалады. АЭС салынатын жағдайда, бірінші кезеңде қауіпсіздікке ерекше мән берген жөн. Бұл ретте, қандай да бір жаңа технологиялар керек. Сонымен қатар, міндетті түрде Қазақстан кадрларын даярлауға екпін қойылуы тиіс.
Энергетика министрлігі АЭС салу мәселесі жөнінде өтетін референдумның аспектілерін пысықтауға кірісті. Негізі, референдумның нақты қай күні өтетіні әлі белгісіз. Президент өз Жолдауында референдум өткізу мерзімдері кейінірек белгіленетінін атап өтті. Референдум өткізу тәртібі 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңымен регламенттелген. Яғни, референдумның датасы белгіленуі үшін саяси шешім керек. Бұл тұрғыда тиісті іс-шараларды ұйымдастыру үшін жауапты органдар Президент Жарлығын күтіп отыр.
Айта кетейік, Жолдаудан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов АЭС құрылысына қатысты референдумға дайындық жұмыстары жөнінде түсінік берген еді.
«Референдум өтетіні жайында жарияланды. Оны өткізу мерзімі кейінірек мәлім болады. Жалпы, Орталық сайлау комиссиясы бұл жұмыстарға дайын. Яғни, сайлаушылар тізімін құру, аумақтық сайлау комиссияларына қатысты жұмыстар ескерілген. Егер биыл ұйымдастыру туралы шешім жасалса, Орталық сайлау комиссиясы дайын болады», – деді Ш. Өтемісов.
АЭС құрылысында консорциум жүйесі пысықталып жатыр
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябековтің пайымынша, елімізде АЭС құрылысын іске асыру процесіне 10 жылдан астам уақыт керек.
«АЭС құрылысы не үшін керек? Қазақстанда қазір электр энергиясы генерациясында жабдықтардың тозуы 70 пайыз шамасында. Осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып жатқаны да белгілі. Әлем елдері мен Еуропа одағында, Орталық Азия өңірінде «жасыл энергетиканы» қолдау мақсатында көміртектің ауаға таралуын азайтуға екпін қойылып отыр. Атап айтқанда, елімізде АЭС салу барлық санаттағы тұтынушыларды, оның ішінде өнеркәсіптерді, халықты тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін оңтайлы шешім болмақ. Себебі бізге базалық энергия көзі керек. Ал базалық энергияны атом электр және жылу электр станцияларынан ғана алуға болады. Бұл нысандар энергияны үздіксіз әрі тұрақты қамтамсыз ете алады. Ал баламалы энергия көзінен, яғни жел әрі күн энергиясын беретін нысандарынан базалық ауқымда қамтамасыз ете алмаймыз. Оларда табиғи өзгерістерге байланысты энергия беру қуаты құбылып тұрады», – деді А. Сиябеков.
Сонымен қатар ол атом электр станциясы экологиялық жағынан таза болатынын айтты. Еуропа одағы елдерінде АЭС-ті «жасыл энергияға» теңеген болатын. Мәселен, көмір жағатын жылу электр станциялары ауаға зиянды газдарды шығарады. Ал АЭС есебінен елімізде жылына 8 млн тоннаға дейін көміртекті зиянды заттарды азайтуға болады.
«Жалпы, бізде қуаты 1,2-1,4 мың МВт екі энергоблокты салу ұсынылып отыр. Егер вендорды (АЭС салатын технологияны қамтамасыз ететін компания) 2023 жылы таңдасақ, келер екі жылда (2024-2025 жылдары) жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуы мүмкін. Осының бәрі сараптамадан өтеді. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге де 2 жылдай уақыт керек. Мәселен, 2029 жылы құрылыс жұмыстарын бастасақ, шамамен 2034 жылы бірінші блокты және 2035 жылы екіншісін іске қосу мүмкін болады», – деп түсіндірді маман.
Оның айтуынша, АЭС құрылысын қаржыландыруға түрлі тетіктерді пайдалануға болады. Біраз елдерде осындай нысандарды салу кезінде қаражаттың 20 пайызын мемлекет шығарса, қалған 80 пайызын вендордың өзі қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, АЭС құрылысын толықтай вендордың есебінен қаржыландыру шартын да қарастыруға болады. Бұл ретте, біраз жылдан соң компания өзінің шығынын ақтағаннан кейін, реакторларды елімізге тапсырады.
«Қазір бірқатар қаржыландыру тетіктерін пысықтап жатырмыз. Алдын ала есептеулер бойынша екі реактордың құрылысына 10-12 млрд АҚШ доллары жұмсалады. Бұдан бөлек, қазір өзінің технологиясымен келе алатын 4 мемлекетті қарастырып жатырмыз. Олардың арасында Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция компаниялары зерттелді. Бұл елдерде заманауи реакторлар құрастырылып жатыр, технологиялары айтарлықтай жетілдірілген. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Дәл қазір нақты бір елдің компаниясы тиімді деп айту қиын, олардың барлығын егжей-тегжейлі зерттеп шығу маңызды. Мұнымен қоса, әр елдің технологиясын біріктіріп іске асыру теория жүзінде әбден мүмкін. Мәселен, бір елдің компаниясынан ядролық жабдықты, екінші мемлекеттен турбинаны, үшінші жақтан автоматиканы алып, АЭС салуға болады. Біздің мекеме осы механизмді де пысықтап жатыр. Атап айтқанда, нақты бір жалғыз компанияны таңдаудың немесе консорциум арқылы іске асырудың тиімділігін жан-жақты зерттеу маңызды», – деді инженер.
Эколог пікірі: заманауи технология керек
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, эколог Райхан Бейсенова Қазақстанға атом электр станциясы керек екенін алға тартып отыр. Бірақ соңғы буынды технологияларға ерекше мән берген жөн.
«Біріншіден, елімізде АЭС-ке қажет шикізат — уран қоры жеткілікті. Яғни, өзімізде өндіріліп жатқан отынды пайдалану керек. Елімізде көмір жағатын жылу электр станциялары ауаны ластап жатқанын білеміз. Осы зиянды заттар адам денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Ал АЭС арқылы зиянды заттарды азайтуға болады», – деді Р. Бейсенова.
Экологтің пайымынша, қоғамда атом электр станциясына қатысты тыңғылықты ақпарат беру маңызды. Яғни, оның еліміздегі электр энергиясы мен экология мәселесін шешудегі оңтайлы тұстарын түсіндірген жөн.
«Кей кездері бұл бағытта жалған, шындыққа жанаспайтын ақпарат көп тарап жатады. Сондықтан халыққа сала мамандарының жан-жақты зерделенген пікірі керек. Бұған дейін Чернобыльдегі, Фукусимадағы апаттардан кейін адамдарда үрей бар. Мәселен, Жапонияда табиғи апаттар АЭС-ке қауіп төндірді. Ал бізде соншалықты табиғи апаттардан қауіп жоқ десек болады. Ең бастысы, бізде адами факторларды болдырмауға назар аудару керек. Қазір заманауи АЭС реакторларында қауіпсіздік егжей-тегжейлі қамтамасыз етілгенін білеміз. Біраз мемлекетте осындай станциялар салынып жатыр. Сондықтан қоғамда осының бәрін түсіндіру қажет», – деді профессор.
Ғалымның сөзіне қарағанда, АЭС салу үшін жеке бір жасанды су қоймасын дайындау керек. Яғни бұл жобаны осындай жасанды су қоймасының маңында жүзеге асыру мүмкіндігін пысықтау маңызды. Осы орайда атом электр станциясын кез келген жерде, оның ішінде шөлейтті аумақта салу мүмкіндігі болады. Атап айтқанда, мұндай жоба (Palo Verde) кезінде АҚШ-тың Аризона штатында салынған еді.
4 елдің ядролық технологиясы зерттеліп жатыр
Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ғани Әлиұлының айтуынша, АЭС салуға қанша қаражат қажет болатыны тиісті технологияны таңдағаннан кейін нақты анықталады
«Қазір энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету елімізде басты міндеттердің бірі саналады. Елімізде электр энергиясына сұраныстың артуы, көміртегі бейтараптығына көшуді ескере отырып, бізге экологиялық таза энергия көзі керек. Энергетикалық қауіпсіздікті газ, жаңартылатын энергия көзі арқылы қамтамасыз етуге болады, бірақ АЭС салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Атом электр станциясы біраз уақыт бойы тұрақты энергия беруге қауқарлы», – деді Ғ. Әлиұлы.
Осы орайда ол атом энергиясы «жасыл энергияға» жататынын еске салды. Қуаты 1 мың МВт электр станциясының бір блогы елімізде жылына 4 млн тоннаға дейін көміртекті зиянды заттарды азайтуға ықпал ете алады.
«Елімізде газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты электр энергиясын газ генерациясымен толық қамтамасыз ете алмаймыз. Жаңартылған энергия көздері де экология жағынан таза болуына қарамастан, табиғи-климаттық факторға тәуелді. Яғни тұрақты энергия көзі бола алмайды. Атап айтқанда, атом энергетикасы елімізде ғылымның дамуына ықпал етеді деп санаймын. Сондықтан АЭС салу – еліміздегі тозығы жеткен дәстүрлі энергия көздерін алмастыруға бағытталған перспективалы шешім», – деді департамент өкілі.
Оның айтуынша, АЭС салуға қатысты елімізде тиісті шешім жасалса, онда екі блоктан тұратын нысанның құрылысына шамамен 10-12 жыл уақыт керек.
«Әлемдегі тәжірибеге қарасақ, екі энергия блогынан тұратын станция салуға шамамен 12 млрд АҚШ доллары керек. Жалпы, бұл бағыттағы шығындар тиісті технологияны таңдап, жобалау-сметалық құжаттарды әзірлегеннен кейін нақты анықталады», – деді Ғани Әлиұлы.
Энергетика министрлігі салалық ұйымдармен бірлесе 4 елдің ядролық технологияларын зерттеуге кірісті. Осы орайда салалық компаниялармен келіссөздер жалғасып жатыр.
«Бұл тұрғыда әр елдің озық технологияларын таңдау арқылы консорциум мәселесін де пысықтап жатырмыз», – деді маман.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<