Қазақстанда ауыр көліктерге автожолда жүк тасымалдауға тыйым салынбақ

259

0

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы

Карьерде жүруге арналған HOWO және SHACMAN көліктеріне еліміздің жолдарында жүк тасымалдауға тыйым салынады. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар автожолдарды күтіп ұстау мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

Өз кезегінде М.Қарабаев жолдарды күтіп ұстауда үш басым бағытқа екпін қойылғанын айтты.

«Біріншіден, 25 мың шақырым республикалық жолды күтіп ұстау үшін жылына 80 млрд теңге қаражат қажет. Өкінішке қарай, бұл соманы толық бөле алмаймыз, 35 млрд теңгесі ғана бағытталады. Қалған ақшаны қазір ақылы жолдан түсетін қаражат есебінен бағыттап жатырмыз. Екіншіден, жолдар жақсы жағдайда болуы үшін тиісті жабдықтар мен техника керек. Норматив бойынша 3 600 техника қажет болса, соның 2,5 мыңы бар, яғни 1 100 техника жетпейді. Сондықтан былтыр 350 техника және биыл тағы 350 техниканы сатып алдық. Бұл өз кезегінде жолды күтіп ұстауға елеулі ықпал етеді», – деді министр.

Сонымен қатар ол жолды көбіне ауыр жүк көліктері бұзып жатқанын айтты.

«Үшіншіден, жүкті шамадан тыс артық жүк тиеген ауыр көліктер жолға залал келтіріп отыр. 25 мың шақырым жолда небәрі 18 ғана өлшеу құралы орнатылған. Біздің мақсатымыз – қосымша 220 өлшеу станциясын ел аумағында орнату. Биыл 20 құрылғы қойылады. Осы үш басым бағыт жолды күтіп ұстауға мүмкіндік береді», – деді М.Қарабаев.

Ведомство басшысы жүк көліктерін бақылайтын жаңа жүйе тамыз айында іске қосылатынын айтты.

«Аталған 18 өлшеу камерасына тоқталсақ, бұл жүйе автоматтандырылған. «Сергек» сияқты біздің өлшеу жүйеміз суретке түсіріп, айыппұлды тасымалдаушыға жолдап отырады. Тиісті заң Сенатта мақұлданғаннан кейін, жүйені биыл тамыз айында іске қосу жоспарланған. Астананың маңында 29 карьер бар. Елордаға кіретін 6 жолда осындай камера қойдық. HOWO және SHACMAN (Қытайда өндірілетін көліктер) көліктері ауыр жүк тасымалдауға арналған. Шетелде мұндай көліктер тек карьерде жүреді. Бұл тақырып бойынша Парламентке заңнамалық ұсыныспен келмекпіз. Елімізде 60 мыңға жуық осындай жүк көлігі бар. Оларға автожолда жүруге мүлдем тыйым салу ұсынылып отыр. Яғни, оларға жүкпен жолда жүруге тыйым салынбақ. Егер крьерге бару керек болса, онда осы ауыр көліктер жолда тек жүксіз жүруі тиіс. Бұл заңнамалық ұсыныстарды енгізбекпіз. Осы арқылы жолдағы ауыр жүкті мүлдем тоқтатпақпыз», – деді Марат Қарабаев.

Бұл тұрғыда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ауыр жүк көліктеріне қатысты пікір білдірді.

«Жолдың сапасына осы жүк көліктері әсер етіп отырғанын бәріміз білеміз. Олардың бәрі жолдарда бақылаусыз жүріп жатыр. Себебі өлшейтін құралдар тиісті деңгейде қамтымай отыр. Сонымен қатар, мобильді бекеттер де жоқ», – деді Е.Қошанов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<