Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook парақшасында Ақмола облысында болған қайғылы оқиға туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, балаларды 12 жасқа дейін ересектердің қарауынсыз қалдыруға заңмен тыйым салу қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Жақындарына көңіл айтамын. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп жазды ол.
Зәкиеваның мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін балалардың қазасына әкелген 15 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың көбі балалардың үйде жалғыз болған кезінде болған.
«Бұл оқиғаларды талдай отырып, 12 жасқа дейінгі балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдыруға заңмен тыйым салуды қарастыру қажет деп есептеймін. Әрине, қолдауды қажет ететін отбасыларға мемлекет тарапынан қарастырылған көмек бағдарламаларымен қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті омбудсмен.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысы Бұланды ауданы Шұбарағаш ауылында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан екі бала мерт болғанын жаздық. Өрт үш шаршы метр аумақты қамтып, жеті және үш жасар балалар түтіннен уланып, көз жұмды. Оқиға куәгерлері өртті өздері сөндірген. Жедел құтқару қызметіне қоңыраулар түскен жоқ. Өрттің себептерін Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің ғылыми-зерттеу өрт сынау зертханасының мамандары анықтап жатыр. Бұланды ауданының төтенше жағдайлар бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<