ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен биылғы 12 қазан – 13 қараша аралығында БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-оқыту курстары өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БАҚ өкілдері үшін біліктілікті арттыру курстарын және онлайн-тренингтер сериясын «Almaty Nomad «Саяхатшылар клубы» қоғамдық бірлестігі мен Арманжан Байтасовтың Медиа мектебі ұйымдастыруда.
«Қаржы, құқық, медицина, діни, сондай-ақ цифрландыру салаларындағы проблемалық мәселелер бойынша ақпаратты халыққа жеткізу тиімділігін арттыру» атты әлеуметтік жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – халықты осы салаларда шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін БАҚ өкілдерінің қаржылық, құқықтық, медициналық, діни, цифрлық сауаттылығын арттыру», – делінген министрлік мәліметінде.
Жобаның тренерлері – отандық және шетелдік жетекші медиа сарапшылар: «Forbes Kazakhstan» баспагері Арманжан Байтасов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов, Forbes.kz порталының бас редакторы Анастасия Новикова, қоғам қайраткері және публицист Дана Орманбаева, «Кселл» АҚ атқарушы директоры Каспарс Кукелис, КИМЭП жанындағы Құқық мектебінің профессоры, заңгер Айдар Егеубаев, «Такие Дела» медиа жобасының бас редакторы Сергей Карпов (Ресей), Voice of America орыс жаңалықтар қызметінің редакторы Алексей Горбачев (АҚШ) және басқалары.
Оқыту курстары ZOOM алаңында күн сайын сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін келесі бағыттар бойынша өтеді:
1) 12-16 қазан – қаржы саласындағы оқыту курстары;
2) 19-23 қазан – құқықтық саладағы оқыту курстары;
3) 26-30 қазан – медицина саласындағы оқыту курстары;
4) 2-6 қараша – діни саладағы оқыту курстары;
5) 9-13 қараша – цифрландыру саласындағы оқыту курстары.
Оқыту курстарына сілтемелерді Facebook, Instagram, Telegram, Youtube әлеуметтік желілеріндегі @mediatrainingkz парақшасынан, сондай-ақ серіктестердің сайттарынан табуға болады. Барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталады. Барлық сұрақтар бойынша +77055777080 телефон нөміріне хабарласуға болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<