Қазақстанда бет тұмшалауға тыйым: Bellucci бетпердесін шешеді ме?

56

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қазақстанда кеше қабылданып, Сенатқа жолданған жаңа заң жобасы қоғамдық орындарда адамның жүзін толық жабатын киімдерді киюге тыйым салуды көздемек. Бұл – ниқаб, бурқа, балаклава және бет-перденің өзге де түрлеріне қатысты шектеу. Заңның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және адамдардың тұлғасын тануға кедергі келтіретін киімдерді реттеу.

Жаңа талап күшіне енсе, Қызылорда жастары арасында танымал шығармашылық топтың имиджіне де әсер етуі мүмкін, деп жазады syrboyi.kz. Bellucci топ мүшелері сахнада ақ балаклава киіп өнер көрсететін барлығымыз білеміз. Бұл – олардың ерекше стильдік шешімі, әрі музыкалық образдың бір бөлігі.

Жаңа заң бойынша қоғамдық іс-шараларда, концерттерде және халыққа ашық алаңдарда балаклава киюге рұқсат етілмейді. Стиль ретінде пайдаланылатын бұл элементті тек жеке, жабық алаңдарда немесе заңмен рұқсат етілетін арнайы жағдайларда ғана қолдануға болады.

Сондықтан орындаушылардың сахналық образына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындауы мүмкін.

Музыканттар қауымдастығында бұл мәселе қызу талқыланып жатыр, себебі көптеген топтар үшін бетперде – шығармашылық айрықша белгі. Жаңа заң қабылданған жағдайда олардың визуалды концепциясына қайта қарау міндеттелуі ықтимал.

Қоғам тарапынан да екі түрлі пікір бар: бірі қауіпсіздік үшін шектеуді қолдаса, енді бірі өнер еркіндігіне ықпал етуі мүмкін деп алаңдаулы.