Фото: ашық дереккөзден
Өткен айда азық-түлік тауарлары – 1,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 1,3%, ақылы қызметтер – 0,5%-ға қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық статбюроға сілтеме жасап.
Азық-түлік арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, желтоқсанда қияр 35,6%, қызанақ 14,6%, тәтті бұрыш 8,4%, пияз 7,9%, қызылша 3,8% қымбаттады.
Құмшекер 3,8%, лимон 0,9% арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде желтоқсан айында техника бағасы айтарлықтай жоғарылаған.
Мәселен, 2022 жылғы қарашамен салыстырғанда сымсыз құлаққаптар – 7,7%, планшет – 6,3%, электрлі жылытқыштар – 6,1%, ноутбук – 3,7% қымбаттады.
Ыдыс жууға арналған құралдардың бағасы 4,5%, кір жуғыш ұнтақтікі 4% өсті.
Өткен айда ақылы қызметтердің бағасы 0,5% өсті. Туристердің медициналық сақтандыру қызметі 7,3%, көлік жуу қызметі 3,8% қымбаттады.
Коммуналдық қызметтер бойынша тарифтердің төмендеуі орталықтан жылыту (1 гКал) мен ыстық суға (1 м3) байқалды – әрқайсысы 0,4%-дан.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Қостанай және Жамбыл облыстарында тіркелді – әрқайсысында 1,9%-дан (республикалық орташа деңгейден 0,7 п.т. жоғары), ең төмені Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында – әрқайсысында 0,7%-дан.
Өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарлары Қостанай және Жамбыл облыстарында ең көп өсті – 2,5%-дан, азық-түлікке жатпайтын тауарлар Қостанай облысында – 2,2%, ақылы қызметтер Жетісу облысында – 1,7%.
2022 жылғы желтоқсанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 20,3% құрады.
Азық-түлік тауарларының бағасы 25,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 19,4%-ға, ақылы қызметтер 14,1%-ға өсті.
2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда шақпақ қант 92,7%, кір сабын 87,6%-ға, кеңсе тауарлары 70,3% қымбаттады.
Керісінше, жылдық мәнде сұйытылған газ (баллондарда) – 23%-ға, қырыққабат 15,2%-ға арзандады.
2022 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағасының индексін жасау кезінде азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі 30,2%, ақылы қызметтердікі 29,1% құрайды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<