Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісі төмендеп барады

323

0

Фото: Pexels

2023 жылдың қорытындысында фармацевтика секторындағы отандық өндіріс көлемі төмендеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Ерекше назар аударатын маңызды саланың бірі – фармацевтика. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы сектордағы отандық өндірістің үлесі 20-дан 14 пайызға дейін төмендеп кетті. Дәрілік заттарға ішкі сұраныс жыл сайын ұлғайып отыр. Ал, бізде өндірістің бұл саласы керісінше төмендеп барады. Мемлекет басшысы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 2025-ші жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. Ол үшін бірқатар инвестициялық және салық преференциялары көзделген, қажетті мемлекеттік қолдау құралдары бар», – деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, фармацевтика өнімдеріне 10 жылға мемлекеттік тапсырысқа кепілдік беру тетігі арқылы отандық кәсіпорындар жаңа өндірістерді іске қосуға немесе қолданыстағы өндірістерді жаңартуға мүмкіндік алады.

«Денсаулық сақтау министрлігі технологиялар трансферті және жаңа өндірістерді локализациялау үшін жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен байланыстарды күшейтуі керек. Сонымен қатар биылғы 1-ші шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалауды және олардың тіркеу куәліктерін Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес келтіруі қажет. Нарыққа қатысушылар тарапынан да бұған қатысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселенің байыбын жан-жақты, дұрыс түсіндіріп, реформалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет», – деді Олжас Бектенов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<