Қазақстанда инфляция деңгейі тағы төмендей ме

413

0

Фото: Kazinform

Қаржы мамандары қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляцияның төмендейтінін болжап отыр. Бұл ретте, экономикалық зерттеулер институты Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені кезекті төмендету туралы шешіміне қатысты сараптамалық пікірін ұсынды.

«Ұлттық банк өз шешімінде экономикалық теорияға сәйкес базалық мөлшерлемені ең көбі 50 базалық тармаққа төмендететіні туралы айтқан едік, яғни бұл біз күткен шешім болды. Өтімділікті қамтамасыз ету үшін тұрақты қол жетімділік операциялары бойынша мөлшерлеме 16,25 пайыз, ал өтімділікті алуға арналған операциялар 14,25 пайыз деңгейінде қалыптасты. Жылдық инфляция біздің болжамды консенсус шегінде қалыптасады. 2023 жылдың желтоқсанында болжанғандай жылдық инфляция 9,8 пайызға дейін төмендеген еді», – дейді сарапшы Тоқтасын Бақберген.

Қаңтар айында инфляция 9,7 пайызға дейін төмендейді деген болжам бар. Негізгі себептердің бірі ретінде Үкімет пен Ұлттық Банк қабылдайтын шаралар аталады. Нақтыласақ, пайыздық мөлшерлемелерді көтеру және инфляцияны бақылау мен төмендетудің кешенді жоспарын қабылдау инфляцияның төмендеуіне әсер етпек.

«Нәтижесінде тауарлар мен қызметтерге сұраныс азайып, нарықтағы ұсыныс өседі. Сұраныс және ұсыныс заңына сәйкес, тауарлар мен қызметтер бағасы төмендеуі тиіс», – деді Т.Бақберген.

Айтпақшы, сарапшылар әлемдік экономиканың өсу қарқыны мен энергия бағасының төмендеуіне баса назар аудару керек екенін алға тартып отыр. Себебі, мұның бәрі 2023 жылы тауарлар мен қызметтерге, соның ішінде шикізатқа деген сұраныстың төмендеуіне әсер еткен болатын.

Оралхан Қожанов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<