фото: ашық дереккөз
Қазақстанда киіктерді атуға ресми түрде рұқсат беріледі, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бірақ киіктің етін, мүйізін қалай пайдаланатыны әзірге пысықталмаған. Екі жылдан бері созбалаңға салынып келген мәселеге қатысты түпкілікті шешімнің қабылданғанын Экология министрлігі әзірге хабарлаған жоқ.
«Хабарым бар. Ресми түрде рұқсат берілген. Осы айдың басында-ау деймін. 300 мыңға жуық киікті атуға болады деген. Бірақ әдісін де, содан кейін етін, мүйізін қайда жіберетінін, қалай пайдаланатыны әлі шешілмеген сыңайлы», – деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
Соңғы санақ бойынша еліміздегі ақбөкен саны 2 миллионға жеткен. Әсіресе батыс аймақтардағы шаруалардың егістігін отап, берекесін алғаннан кейін Президент жауапты ведомстваға тиісті шешім шығаруды тапсырған болатын. Одан бері осы салаға жауапты министр екі рет ауысып үлгерді. Экология министрлігі шетелден ғалымдар алдырып, талқылаймыз дегенше, биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 миллиард теңгеге жуықтаған. Ақбөкендер 1 миллион 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кетіпті. Қазір тиісті есеп-қисап Үкіметке жіберілген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<