Қазақстанда көпбалалы отбасыларға жәрдемақы қандай көлемде беріледі

912

0

Сурет: Zakon.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘК) бүгін, 14 желтоқсанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, биыл жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерін жалпы сомасы 376,6 млрд теңгеге орта есеппен 540,8 мың отбасы алды. Оның ішінде қараша айында 557,3 мың отбасы жалпы сомасы 37,2 млрд жәрдемақы түрін алды. 

«Кәмелетке толмаған 4 және одан да көп баласы бар немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттер табысына қарамастан, осы мемлекеттік жәрдемақыға өтініш бере алады», – делінген ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратта.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, төлемдердің мөлшері балалардың санына қарай сараланады:

4 балаға – 16,03 АЕК, немесе 55 304 теңге;

5 балаға – 20,04 АЕК, немесе 69 138 теңге;

6 балаға – 24,05 АЕК, немесе 82 973 теңге;

7 балаға – 28,06 АЕК, немесе 96 807 теңге;

8 және одан да көп балаға – 4 АЕК, немесе әр балаға 13 800 теңге.

Ведомство 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік қамтамасыз етудің жаңа тетіктерінде көзделген аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде олардың табысы ескерілмейтін мемлекеттік жәрдемақылар енгізілгенін еске салды.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалы отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 8,5% өсті», – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<