Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін портал іске қосылды

879

0

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету үшін aleumet.egov.kz порталы іске қосылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Amazon және AliBaba сияқты сервистердің қағидаты бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін aleumet.egov.kz порталы іске қосылды. Бұл цифрлық жоба келесі мүмкіндіктерге қол жеткізеді: Оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы, оларды алу мерзімін алты айдан 15 күнге дейін қысқарту, бизнес процестерінің ашықтығы, делдалдық қызметтері жою, бағаны бірізді ету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану», – деп атап өтті министр.

Бүгінде порталда оңалту құралдары мен қызметтерінің 1157 жеткізуші тіркелген және 24 мыңнан астам техникалық оңалту құралы берілді. Порталға толық көшу техникалық оңалту құралдарының барлық 55 түрі бойынша 400 мыңға жуық алушыны қамти отырып, 2021 жылдың қаңтарынан бастап, жүзеге асырылатын болады. Айта кетейік, Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 430 мыңы – еңбекке қабілетті жастар, 181 мыңы – зейнет жасында және 94 мыңы – балалар. Биыл әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтермен қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық.

«Елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылуда. Ұлттық жоспар жеті бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады. Ол мүгедектіктің алдын алу, білімге қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту қызметтері.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына сәйкес, мүгедек жандар мен қоғамның пікірін ескере, біз осы жылы мүгедектік мерзімсіз белгіленетін қайтымсыз анатомиялық кемістіктер тізбесін кеңейттік. Оңалту болжамы қолайсыз адамдар үшін мерзімдер бес жылға дейін ұзартылды. Бала бес жылға немесе 16 жасқа дейін мүгедек болып танылатын көрсетілімдер кеңейтілді», – дейді Біржан Нұрымбетов.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<