Қазақстан еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың арқасында биыл өндірістік жарақаттану деңгейін 6,5%-ға және өлім-жітім 4,5%-ға азайды.
Бұл туралы жылды қорытындылыған ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Светлана Жақыпованың құттықтауында айтылған.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік еңбек инспекторлары 55,1 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, оның ішінде 10,1 мың азаматтың алдындағы 2,2 млрд теңге сомасындағы жалақы бойынша берешек өтелді. Жалақы бойынша берешек және еңбек құқықтарының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 3 781 нұсқама беріліп, 470,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. 50-ден астам нозология бойынша мүгедектікті белгілеудің сырттай проактивті форматы белсенді іске асырылып келеді. Осы форматта Қазақстанның барлық өңірінен 99,6 мыңға жуық өтінім қаралды, оның ішінде 66,2 мың істі денсаулық сақтау ұйымдарынан тартылған тәуелсіз сарапшылар қарады, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда ағзаның қайтымсыз өзгерістері бар жекелеген нозологиялар бойынша мүгедектікті белгілеудің ерекше тетігі бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатқаны айтылған. Бұл – аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, балалардағы мукополисахаридоз. Рәсімдер барынша жеңілдетілді және мерзімдер бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Осыған дейін 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 296 мыңға жуық адам қамтылғаны туралы жаздық.






