Қазақстанда онлайн петиция сайты іске қосылды

403

0

Фото: pixabay.com

Енді елімізде петицияны онлайн форматта рәсімдеуге болады, деп хабарлады Қазақпарат.

Еpetition.kz https://epetition.kz./ сайты ресми түрде бүгін іске қосылды және ол «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына қарайды.

«Барлық пайдаланушыларға сізді толғандыратын мәселе туралы айтыңыз, біздің веб-сайтта петиция жасаңыз», – делінген сайттың басты бетінде.

Аталған ақпараттық жүйе – келісімнің негізінде онлайн петицияларды тіркеу және оған жауап алу мүмкіндігін ұсынып, қызмет көрсетеді.

Веб-сайтты пайдаланушының құқықтары мен міндеттері:

– Пайдаланушы тіркелу кезінде иеленушіге нақты әрі толық ақпарат ұсынуға міндетті;

– Пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін қасақана немесе кездейсоқ бұзбауға міндетті;

– Пайдаланушы өзін екінші тұлға ретінде көрсетпеуі, вирус немесе басқадай зиянды құрамы бар бағдарламалық материалдарды пайдаланбауы тиіс.

Иеленушінің құқықтары мен міндеттері:

– Иеленуші қажет жағдайда пайдаланушы енгізген деректердің дәйектілігін тексеруге құқылы, оның ішінде мемлекеттік органдар мен мекемелерге жүгіне алады.

Еpetition.kz сайтының жалпы шарттарымен https://epetition.kz./agreement сілтемеге өтіп танысуға болады.

Сондай-ақ, ақпарат жүйесін пайдаланушылар үшін құпиялылық саясаты сақталатыны айтылған.

«Құпиялылық саясатын сақтау мақсатында пайдаланушының толық аты-жөні, ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі), электронды пошта, мекенжайы, телефон нөмірі мен жеке тұлғаны куәландыратын басқа да деректер талап етілуі мүмкін. Сайтқа кіру сіздің тіркелуіңізді және жеке ақпаратты ұсынуыңызды қажет етпейді. Сіз туралы барлық жеке ақпарат тек өзінің тікелей мақсатына сай пайдаланылады. Сайтты пайдалана отырып, сіз осы құпиялылық саясатының шарттарымен келісесіз. Веб-сайтта жеке ақпарат ұсыну ерікті. Оларды ұсына отырып, сіз сайтқа ақпаратты мәлімделген мақсатта пайдалануға рұқсат бересіз. Алайда белгілі бір ақпаратты ұсынбау, сіз алғыңыз келген қызметті көрсетуге кедергі келтіруі мүмкін», – делінген онлайн петиция сайтында.

Айта кетсек, қажетті деректер сұратуларды қанағаттандыру үшін басқа мемлекеттік мекемелерге ұсынылуы мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<