Қазақстанда отбасының шырқын бұзып, қамауға алынғандардың саны артқан

300

0

Фото: Kazinform

Қазақстанда былтырдан бері отбасында зорлық-зомбылық көрсету фактілері азайып, керісінше жауап тартылғандардың саны көбейген. Оған не себеп? Сауалдың жауабын Ішкі істер министрлігінен сұраған едік.

«Қазір қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және ол үшін жазаның бұлтартпастығы процесі қалыптасып келеді, жәбір көрушілер мұңын ашық айтатын болды. Жалпы, тұрмыстық қатынас ерлі-зайыптыдан басқаларға да қатысты. Олардың қатарында ажырасқандар, бұрын бірге тұрғандар, ортақ баласы барлар, отбасының барлық мүшесі және заңды некесіз бірге тұратындар бар. Аталған азаматтардың құқығы мен жауапкершілігі тұрмыстық, отбасылық заңда тайға таңба басқандай жазылған», – делінген министрліктің Kazinform агенттігі жолдаған ресми сауал жауабында.

Ведомствоның мәліметінше, енді тек күйеуінен зәбір көрген әйелдер ғана емес, отбасының кез келген мүшесі құрбан немесе агрессор болады.

Сондай-ақ, сауалда тұрмыстық жәбір көргені туралы ер азаматтардан шағым түсіру жағдайы тіркелді ме? деп сұраған едік.

«Ішкі істер органдарында тіркелген отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің 80% бойынша жәбірленуші – әйелдер», – деген жауап алдық.

Жалпы Ішкі істер министрлігі отбасылық зорлық-зомбылық фактілерінің азайғанын ал жазаның қатайғанын айтып отыр.

Өйткені, 2023 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер енгізілді.

«Өткен жылдың екінші жартысынан бастап полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғауды өз қолына алды. Хаттаманы толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен видеотіркегіш жазбалары жеткілікті», – делінген хабарламада.

Алайда соңғы шешімді сот қабылдайды екен. Айтпақшы, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін отбасылық зорлық-зомбылық туралы полицияға түскен шақыртулардың 60% аса жайт бойынша шара қабылдау мүмкін болмаған, оған себеп, жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.

Енді ІІМ ұсынған статистиканы келтірсек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне түзетулер енгізілгеннен кейін (2023 жылғы 1 шілде) полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 48 622 хабарлама түсіп, олардың 98% әкімшілік хаттама толтырылған.

Өткен жылдың соңғы 6 айында (шілде-желтоқсан) зорлық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғандардың саны өскен. Нақты айтқанда, 2023 жылдың 1-ші жартысында (қаңтар-маусым) 17 мың отбасының шырқын бұзған адам жауапкершілікке тартылса, жылдың екінші жартысында олардың саны 44 973 адамға жетіпті. Сонымен қатар қамауға алынғандардың саны да екі есеп өсіп отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Ішкі істер органдарына отбасында зорлық-зомбылық көру бойынша 99 026 факті тіркелген.

Тілге тиек етсек, соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемалары қоғамда жиі қозғалып, жәбірленушілер көрген азабын ашық айта бастады.

Еске салайық, Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсететіні, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы ақпарат тараған еді.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ, Атырау облысында аудан әкімінің әйелі күйеуінен зәбір көргенін айтты.

Әйелдің айтуынша, күйеуі оған бірнеше рет қол көтерген. Зәбір көрген әйелдің видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Одан бөлек, Алматыда лифтінің алдында әйелді аяусыз ұрып-соққан ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Тағы бір жайт, Семей қаласында болды, сүйіктісін көлікпен таптап өлтірген күдіктінің ісі сотқа жіберілді.

20 мамырда хабарлағанымыздай, әлеуметтік желіде көшеде беймәлім ер адамның көліктің жанында әйелді ұрып жатқаны таспаланған видео тарады.

Видеодан еркектің әйелді шашынан сүйреп көлікке қинап мінгізбек болған сәтін байқауға болады. Болмаған соң әйелді ұрып-соғып, көлікке мініп кетіп қалады. Кейін анықталғандай, оқиға Тараз қаласында болған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<