Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация тағайындайтын сараптама енгізіледі

485

0

Фото: pixabay.com

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация тағайындайтын сараптама енгізілетінін мәлім етті.

«Елімізде сот-сараптамасының «Сот-сексологиялық сараптама» деген жаңа түрі енгізілетін болады. Халықаралық тәжірибені ескерсек, соңғы кездері сексуалдық сипаттағы қылмыстар санының артуы байқалады. Осыған орай Әділет министрлігі зерттеудің жаңа түрі «Сот-сексологиялық сараптаманы» енгізу жұмыстарын бастады. Бұл күдікке ілінген азаматқа құқық қорғау органдарының өтініші бойынша жүргізіледі. Сараптама кезінде ол азаматтың психологиялық портреті қалыптастырылады – оған түрлі сұрақтар қойылады, қандай да бір психологиялық ауытқушылғы бар-жоғы, педофилияға бейімдігі айқындалады. Ондай белгілер анықталған жағдайда соттың шешімімен оған химиялық кастрация жасау керек пе деген көрсеткішті де анықтайды», – деді ол ведомствоның кезекті баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, аталған сараптама түрі нақты қашан енгізілетіні әлі белгісіз.

«Сол үшін біздегі Сот-сараптамалық орталықтың Астана қаласы бойынша филиалының 3 қызметкері Беларусьта курстан өтіп келді. Қазір осы сараптаманың толыққанды әдістемесін әзірлеп жатырмыз. Яғни, бұл сараптама біздің көрші елдерде бар. Бұған дейін ондай қызмет бізде жоқ болатын. Нақты қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Әдістеме толық жазылып біткеннен кейін қосымша хабарлаймыз. Жалпы жыл аяғына дейін енгізу жоспарда бар», – деді Талғат Уәли.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<