Қазақстанда пойызға кешігіп қалсаңыз, билеттің ақшасын қайтара аласыз ба?

397

0

Фото: tengrinews.kz

Жазда көпшілік демалыс алып, басқа қалаға немесе ауылына қыдырып барады. Бірақ аяқ асты жоспарыңыз өзгеріп, билетті кейін тапсыру керек болса не істеу керек? Пойызға кешігіп қалсаңыз, билеттің ақшасын қайтара аласыз ба? Бұл сұрақтарға «Tengri Travel»-ге «Жолаушылар тасымалы» АҚ жауап берді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жазғы демалыс маусымының басталуымен ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды пойыздан қажетті күнге орын алу үшін және қолайсыздықтар туындамас үшін сапарларын алдын ала жоспарлауды және билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынды.

«Пойыздағы төменгі орындар әрқашан жоғары сұранысқа ие. Оған қоса, еңбек демалысының маусымы және мектеп каникулы басталған кезде жолаушылар ағыны тіптен жоғары болады. Соған байланысты билеттер тез сатылып кетеді. Жолаушылар пойызының билеттері 45 күн бұрын сатылып бастайды да, пойыз жөнелтілгенге 10 минут қалғанда аяқталады. Қала маңындағы пойыздарға билеттерді жөнелтілуге 10 тәуліктен 10 минут қалғанға дейін сатып алуға болады», – деп нақтылады «Жолаушылар тасымалының» баспасөз қызметі.

Пойыздың билетін қайтару

Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына сәйкес билеттерді пойыз жөнелтілгеннен кейін бір сағаттан кешіктірмей қайтару керек.

Әрбір жолаушы ережелерде көзделген мерзімде қанша билет сатып алса (бір адамға төрт билеттен артық емес), сонша билет қайтара алады.

Билетті тапсырған жағдайда одан қанша пайыз ұстап қалады?

  • Билетті пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағат қалғанда тапсырсаңыз, сізге жол жүру құжатының толық құны қайтарылады;
  • Билетті пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағаттан аз, бірақ 6 сағаттан көп уақыт бұрын қайтарсаңыз, билет бөлігінің құны және плацкарт құнының 50 пайызы қайтарылады;
  • Билетті пойыз жөнелтілгенге дейін 6 сағаттан аз, бірақ жолаушы отыру керек станциядан пойыздың кеткеніне 1 сағаттан көп уақыт бұрын қайтарсаңыз, билет бөлігінің құны қайтарылады және плацкарттың барлық құны ұсталады, бірақ ол жол жүру құнының 30 пайызынан аспауы керек;

Билетті пойыз жөнелтілгеннен кейін бір сағат өткен соң қайтарсаңыз, ақша қайтарылмайды.

Қала маңындағы пойыздарға билеттерді қайтару

  • Билетті пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағаттан кешіктірмей тапсырсаңыз, билеттің толық құны қайтарылады;
  • Билетті 24 сағаттан аз уақыт ішінде, бірақ пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағаттан кешіктірмей қайтарсаңыз, жол жүру құнының 70 пайызы қайтарылады;
  • Билетті пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағат өткен соң тапсыра алмайсыз, ақша қайтарылмайды.

Сонымен егер сіз пойызға кешігіп қалсаңыз, билеттерді тапсырып, ақшаның қандай да бір бөлігін қайтара аласыз. Бірақ ол үшін, мысалы, пойыз сіз келердің алдында кетіп қалған болса, билеттерді жылдам бір сағат ішінде қайтаруыңыз керек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<