Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер танымал бола түсті

6

0

Фото: Freepik.com

Қазақстанда 1 ақпандағы жағдай бойынша қолма-қол ақшасыз операциялар саны былтырмен салыстырғанда 6,2% өсті. Ал қолма-қол ақша шешіп алу көрсеткіші былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 5% төмендеді. Ақпарат Ұлттық банктің статистикасында көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қолма-қол ақшасыз транзакциялар саны 1 миллиард операцияға жетіп, көлемі 13,6 триллион теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар қолма-қол ақша шешіп алу операцияларының саны 16,8 миллион транзакцияға дейін азайып, жалпы сомасы 1,9 триллион теңгеге жеткен (2,9%-ға төмендеген).

Жалпы 2026 жылғы қаңтарда банктер мен “Қазпошта” 76,2 триллион теңге сомасына 1,1 миллиард транзакция жүргізген. Негізгі үлес төлем карталарына тиесілі болды – 1,07 миллиард транзакция немесе 97,4%. Карта арқылы жасалған операциялар сомасы 15,5 триллион теңгеге жетіп, үлесі 20,4% болған.

“Карталардың танымалдығына қарамастан, төлем тапсырмалары да маңызды құрал болып қала береді. Қаңтарда олардың орташа сомасы 2,1 миллион теңге болды. Карталардың саны көп болғанымен, жалпы транзакция көлеміндегі үлесінің төмен болуы қазақстандықтардың оларды негізінен күнделікті ұсақ төлемдер үшін пайдаланатынымен түсіндіріледі”, – деп атап өтті Ұлттық банк.

Карталық операциялар құрылымында 98,4% үлесті қолма-қол ақшасыз төлемдер мен аударымдар иеленіп, олардың көлемі 13,6 триллион теңге болды. Ал қолма-қол ақша беру операциялары жалпы көлемнің небәрі 1,56% ғана алған.

Қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі бөлігі интернет және мобильді банкинг арқылы (саны бойынша 78,7%, көлемі бойынша 88,6%), сондай-ақ POS-терминалдар арқылы жасалады. Банктердің онлайн қызметтерін белсенді пайдаланушылар саны бір жыл ішінде 25,9 миллион адамнан 34,3 миллион адамға дейін өскен (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша).

Ал ақша шешіп алу әлі де көбіне банкоматтар арқылы жүзеге асырылады. 2026 жылдың басында олардың саны 12,6 мыңнан 13,1 мың бірлікке дейін өскен.

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша айналымда 85,1 миллион төлем картасы болған. Оның 28,1 миллионы жергілікті жүйелерге, ал 56,9 миллионы халықаралық жүйелерге тиесілі. Олардың ішінде Visa көш бастап тұр – 41,7 миллион дана, ал MasterCard – 14,3 миллион дана.

Карталарды 17 екінші деңгейлі банк пен “Қазпошта” шығарады. Олардың ішінде дебеттік карталар – 81,4%, кредиттік карталар – 15,6%, сондай-ақ алдын ала төленген және лимиті бар дебеттік карталар – 3%.