Қазақстанда сауықтыру туризміне сұраныс артқан

529

0

Сурет: Zakon.kz

Қазақстанда 173 шипажай-курорты жұмыс істейді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, кейінгі жылдары ішкі және шетелдік туристер арасында сауықтыру туризмінің танымалдылығы артқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрліктің ақпаратынша, еліміздегі қолайлы климаттық жағдай, күн сәулесі, бірегей минералды қайнар көздері мен емдік балшық орындары емдеу-сауықтыру нысандарының дамуына септігін тигізіп жатыр. Мысалы, оңтүстіктегі Сарыағаш шипажайлары қабыну процесін емдеуге көмектесетін және адам ағзасының жалпы жағдайына оң әсер ететін, ұзақ мерзімді аурудан кейін иммунитетті қалпына келтіруге көмектесетін минералды қайнар көздерімен танымал. Айта кету керек, Сарыағаштың Көктерек кенті – еліміздегі шипайжайлардың ең көп шоғырланған орны.

Шығыстағы Қатон-Қарағай термалды радон қайнарлары емдік қасиеттері бойынша халықаралық бәсекелестерінен кем түспейді және түрлі эндокриндік ауруларды емдеуге көмектеседі. Аталған өңірдің табиғаты жазда да, қыста да бірдей әдемі. Бұл жергілікті шипажай-курортты аймақтарға жылдың кез келген уақытында демалуға мүмкіндік береді.

Ал еліміздің батысындағы шипажайлар буын, жүйке жүйесін, гинекологиялық және урологиялық патологияларды, тері ауруларын емдеуге және алдын алуға бағытталған. Бурабай және Қостанай қарағайлы ормандарының экологиялық таза ауасы, емдік балшығы, әдемі таулы ландшафт және бірегей табиғи көрікті жерлер денсаулығын жақсартқысы келетіндер үшін тағы бір сұранысқа ие шипажай-курортты аймаққа айналдырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<