Ендігі шетелдік маркетплейстер елімізде тіркелуге және орналасуға міндетті болмақ. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті.
– Қазір Мәжілісте тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң қаралып жатыр. Енді компаниялар өз өнімі үшін жауапты болады. Бұған дейін олар өндірушіге сілтейтін, осылайша біз әр өндірушімен бөлек жұмыс істеуге тура келді. Біз енді компанияларды Қазақстанда болуға және тіркеуден өтуді талап етеміз, – деді Қайрат Төребаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сауда вице-министрінің мәліметінше, Temu, Pinduoduo маркетплейстер елімізде тіркелмеген. Алайда, қазір «Қазпошта» бас оператор ретінде аталған компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатыр.
– Егер маркетплейстер Қазақстанда ресми тіркеліп, ашылмаса, оларда салық берешегі бойынша мәселе туындайды, – деп толықтырды Қ.Төребаев.
Бұған дейін маркетплейстер қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттелетіні айтылды.
Сондай-ақ, қазақстандықтар маркетплейстерде нені сатып алуға құмар екенін білген едік.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<