Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев «Біз біргеміз» жалпыұлттық телекөпірінде тасқын салдарынан бүлінген үйлердің санын атады.
«Қазіргі таңда 12 мыңға жуық тұрғын үй су астында қалып, бүлінді деп есептелді. Одан бөлек 23 мыңдай саяжай бар. Бұл жерде енді 3 мыңнан астам тұрғын үй техникалық тексеруден өтті. Оның ішінде 1505 үй жарамсыз деп танылды. 1700-дей үйді жөндеуге болады. Бұл — судың беті қайтқан өңірлердің беріп отырған ақпараты», — деді министрлік маманы.
Комитет өкілі тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындардың алдында үш жол бар екенін еске салды.
«Қазіргі таңда үш механизм бар. Оның бірі — зардап шеккен баспана жарамсыз болған жағдайда жаңадан үй салу. Екіншісі — қолданыстағы тұрғын үйді жөндеу. Үшінші — сол өңірден жаңа тұрғын үй сатып алып беру. Егер саяжай аумағындағы үй бүлінсе, ол тұрғынның жалғыз баспанасы болса, ол да мемлекет тарапынан өтеледі», — деді Қанат Мыңбаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<