Қазақстанда TikTok желісін пайдалануға тыйым салу ұсынылды

542

0

Фото: freepik.com

Әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстанда TikTok желісін пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Халықберген» телеграм арнасында депутаттарға үндеу жарияланған.

«Құрметті депутаттар! Мен елімізде TikTok әлеуметтік желісіне кіруге тыйым салу мәселесін қарастыруды ұсынамын. Ұсыныс көрші елдердің тәжірибесін және басқа мемлекеттерде балалардың психикалық денсаулығын және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бойынша қабылданған шараларға, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының трафигі туралы жалпыға қолжетімді ақпаратқа негізделген», – делінген жазбада. 

Үндеуде TikTok желісіне тыйым салған әлем елдерінің мысалдары ұсынылған.

«Үндістан ұлттық қауіпсіздік пен азаматтардың деректерін қорғауға қатысты алаңдаушылық білдіріп, 2020 жылдың маусымында TikTok-ты толығымен бұғаттаған ірі елдердің бірі болды. Үндістан үкіметі TikTok сияқты қолданбалардың елдің егемендігі мен тұтастығына қауіп төндіретінін айтты. Индонезия 2018 жылдың шілдесінде TikTok-қа кіруді уақытша бұғаттады. TikTok әлеуметтік желісі Өзбекстанда 2021 жылдың шілдесінде бұғатталған еді. Мұндай шешім көрші Қырғызстанда да қабылданған. АҚШ үкіметі қытайлық ByteDance компаниясына қатысты ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты федералды үкіметтің құрылғыларында TikTok қолданбасын пайдалануға тыйым салды», – делінген үндеу мәтінінде.

Үндеуде желіге тыйым салудың басты және негізгі себептерінің бірі қауіпсіздіктен басқа, әлеуметтік желілердің жастардың психикалық денсаулығына әсері екені айтылған.

«Осы деректерді ұсына отырып мен Қазақстанда TikTok-ты заңнамалық тұрғыдан бақылауды немесе толығымен бұғаттауды ұсынамын. Бұл өтініштің негізгі және басты себебі гаджеттерге бөлетін уақытын өз бетінше бақылай алмайтын балалардың денсаулығына алаңдаушылық болып қала береді. Бұл мәселе ересектер үшін де өткір», – делінген жазбада.

Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанда TikTok-қа шектеу қойылғаны туралы жазған едік.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<